Астана, 2025 жылғы 17 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық сотының төрағасы Герман Нұрбаевтың кездесуі өтті.
Кездесу барысында ТМД аясындағы құқықтық ынтымақтастықты дамыту мәселелері, сондай-ақ халықаралық шарттар нормаларын біркелкі қолдануды қамтамасыз ету мен Ұйым кеңістігіндегі интеграциялық процестердің тиімділігін арттыруында ТМД Экономикалық сотының рөлі талқыланды.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Экономикалық соттың ТМД-ның негізгі институттарының бірі ретінде мемлекетаралық экономикалық өзара іс-қимылдың құқықтық негізін нығайтуға және ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мүдделерін қорғауға ықпал ететін маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде Г.Нұрбаев Экономикалық соты жұмысының ағымдағы бағыттары, оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өтініштерін қарастыру тәжірибесі мен халықаралық шарттарды талқылау мәселелері бойынша құқықтық қорытындылар дайындау туралы мәлімдеді.
Кездесу соңында Қазақстанның ТМД органдарының қызметіндегі белсенді және сындарлы рөлін жалғастыруға, сондай-ақ ұйымның институционалдық негіздерін нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдауға бейілділігі аталып өтті.