Астана, 2025 жылғы 15 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов пен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Австрияның SANLAS Holding GmbH медициналық тобының негізін қалаушысы әрі бас директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Гюнтер Небель бастаған делегациямен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Орталық Азиядағы алғашқы көпсалалы медициналық кешенді Lassnitzhöhe және Hollenburg үлгісіндегі австриялық тәжірибеге негізделген жобаны іске асыру аясындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Жоба Алматы қаласында жылына 15 000 науқасқа дейін қабылдай алатын, 200–300 орындық заманауи оңалту орталығын салуды көздейді.
Болашақ орталық физикалық және психологиялық оңалту бағыттарын біріктіріп, медициналық көмектің австриялық сапа стандарттарын енгізеді. SANLAS компаниясының интеграцияланған моделін енгізу науқастарды қалпына келтіру тиімділігін арттыруға, созылмалы ауруларды емдеуге жұмсалатын мемлекеттік шығындарды азайтуға және Қазақстанның медициналық оңалту бойынша өңірлік орталық ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, австриялық тарапқа Түркістан облысының Төле би ауданында осындай орталық салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұл жоба еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі халыққа заманауи оңалту қызметтеріне қолжетімділікті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жағдай жасайды.
«Жеке медицинаны дамыту және денсаулық сақтау саласына инвестиция тарту – Қазақстанның жаңа экономикалық саясатының маңызды бөлігі. Біз SANLAS жобасын технологиялар трансферін, мамандар даярлауды және халықаралық деңгейдегі оңалту орталығын құруды қамтамасыз ететін стратегиялық бастама ретінде қарастырамыз», - деп атап өтті комитет төрағасы.
SANLAS Holding GmbH компаниясының негізін қалаушысы және бас директоры профессор Гюнтер Небель ұзақ мерзімді серіктестікке дайын екеніне тоқталды. «Біз Қазақстанның заманауи медицина мен оңалту саласын дамытудағы зор әлеуетін көреміз. Біздің Еуропа мен Азиядағы тәжірибеміз халықаралық стандарттар мен жергілікті шешімдердің интеграциясы тұрақты нәтижелерге әкелетінін көрсетеді. Біз үздік австриялық тәжірибелерді енгізіп, Алматыда инновациялық медициналық кластер құруға дайынбыз»,– деп атап өтті компания басшысы.
SANLAS Holding GmbH – Австрияның жетекші жеке медициналық және әлеуметтік топтарының бірі. Компания 20-дан астам денсаулық сақтау мекемесін басқарады және 1 500-ден астам қызметкері бар. Негізгі қызмет бағыттары – неврологиялық, ортопедиялық және психиатриялық оңалту, пластикалық хирургия және қарт адамдарды күтіммен қамтамасыз ету. Компания жыл сайын 10 000-нан астам пациентке қызмет көрсетеді, ISO 9001 халықаралық стандарты бойынша сертификатталған және «Leitbetrieb Austria» мәртебесіне ие – бұл тұрақты даму мен әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына негізделген жетекші кәсіпорын екенін білдіреді.