Рим, 2025 жылғы 14 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Италияға жұмыс сапары аясында энергетика және машина жасау секторларындағы жетекші итальяндық компаниялардың басшылығымен кездесулер өткізді.
«Maire Group» вице-президенті Джанни Бардаццимен кездесу барысында Қазақстанда өңірлік инженерлік-өнеркәсіптік хаб құру және тұрақты авиациялық отын зауытын салу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар компания ҚМГ консорциумының бір бөлігі ретінде жылына шамамен 1,6 миллион тонна этан мен 360 мың тонна пропан өндіретін газды бөлу кешенін салу жобасын жүзеге асыруда.
«Ansaldo Energia» бас директоры Фабрицио Фаббри компанияның газтурбиналық қондырғыларға арналған құрамдас бөліктер өндірісін локализациялау және техникалық қызмет көрсету бойынша сервистік орталық ашу жоспарлары туралы хабарлады.
«Allied International Group» президенті Вальтер Альберичи Қазақстанда құбырлы өндірісті локализациялау туралы өз көзқарасымен бөлісті. Жобаны жүзеге асыру импорттық құбырлы өнімдердің көлемін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
Италия-Қазақстан сауда қауымдастығының президенті Марко Беретта итальяндық бизнестің Орталық Азияның кең нарығына шығуға мүмкіндік беретін Қазақстан нарығына қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстан-Италия сауда үйін ашу жоспары бар екенін хабарлады.
Министр Қазақстан-Италия қарым-қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың артқанын атап өтті. Ол қазақ тарапының қосылған құны жоғары тауарлар шығаруға бағытталған жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екеніне назар аударды.
Кездесулер қорытындысы бойынша жоспарланған жобаларды жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.