Қазақстан дипломатиялық корпусты адам құқықтары жөніндегі баяндамалардың нәтижелерімен таныстырды

Қазақстан дипломатиялық корпусты адам құқықтары жөніндегі баяндамалардың нәтижелерімен таныстырды

Астана, 2025 жылғы 14 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Әмбебап мерзімді шолуы шеңберіндегі және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті бойынша еліміздің міндеттемелерін орындау туралы ұлттық баяндамаларды қарау нәтижелерін ұсынды. Іс-шараға 50-ден астам дипломатиялық өкілдіктер мен 12 халықаралық ұйымның өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Ботагөз Жакселекова мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаментінің директоры Дидар Теменов сөз сөйледі.

Б.Жақселекова заңнамадағы және құқық қолдану практикасындағы кешенді өзгерістер енгізу, оның ішінде саяси партияларды тіркеу рәсімін жеңілдету; сайланбалы органдарда әйелдер, жастар және мүгедектер үшін 30% квота енгізу; Омбудсменнің өкілеттігін кеңейту және тәуелсіздігін нығайту; бейбіт жиналыстар туралы заң қабылдау; петициялар институтын іске қосу, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату және азаптау мен адам саудасына қарсы шаралар қабылдау туралы хабардар етті.

Д.Теменов БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдеріне Қазақстанның саяси және демократиялық реформаларын қолдағаны үшін алғысын білдіріп, БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті сарапшыларының елдің адам құқықтары туралы заңнамасындағы оң өзгерістер мен адам құқықтары институттарын жетілдіру шаралары туралы пікірін ерекше атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық дипломат БҰҰ және ЕҚЫҰ-мен осы саладағы ынтымақтастықтың деңгейін жоғары бағалады.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі міндетін атқарушы/Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының елдегі кеңсесінің директоры Скендер Сыла және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің басшысы Алексей Рогов Қазақстанмен адам құқықтарын ілгерілету мен қорғауда одан әрі ынтымақтасуға дайын екендіктерін растады.

Брифингке қатысушылар Қазақстанның баяндамаларды қорғау нәтижесінде алынған ұсынымдарды жүзеге асыру жөніндегі жоспарлары туралы ақпаратқа қызығушылық танытты және еліміздің халықаралық адам құқықтары тетіктерімен сындарлы диалогын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

2025 жылғы 23 қаңтарда БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Жаһандық мерзімді шолуы Жұмыс тобының 48-ші сессиясы барысында Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі міндеттемелерін орындауы және алдыңғы шолудан алынған ұсынымдар туралы Төртінші мерзімді баяндамасы ұсынылды. Талқылауға 100-ден астам мемлекеттің делегациялары қатысып, демократиялық реформаларды жүзеге асыру бойынша қабылданып жатқан шараларды толық қолдайтынын білдіріп, Қазақстанда адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын нығайту бойынша нақты қадамдардың қабылдануын құптады.

2025 жылғы 25 маусымда БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің 144-сессиясы барысында Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт бойынша өз міндеттемелерін орындауы туралы Үшінші кезеңдік баяндамасы ұсынылды. Баяндаманы қарау қорытындысы бойынша БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитетінің мүшелері сындарлы диалогты жоғары бағалап, Қазақстанның күш-жігерін жоғары бағалады, атап айтқанда, өлім жазасын жою, омбудсмен институты мен ұлттық алдын алу тетігін нығайту, гендерлік теңдікті ілгерілету және сот билігінің тәуелсіздігін нығайту шараларын атап өтті.