Қазақстан СІМ басшысы ФАО Бас директорымен кездесу өткізіп, «Қазақстан» бөлмесінің ашылуына қатысты

Қазақстан СІМ басшысы ФАО Бас директорымен кездесу өткізіп, «Қазақстан» бөлмесінің ашылуына қатысты

Рим, 2025 жылғы 13 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Италияға жұмыс сапары аясында БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) Бас директоры Цюй Дунъюймен кездесті.

Кездесу барысында Министр Ұйымның 80 жылдығымен құттықтап, оның жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығын орнықты дамытуға қосқан үлесін атап өтті.

Қазақстан СІМ басшысы ҚР мен ФАО арасындағы серіктестік бағдарламасы аясында бірлескен жобаларды іске асыру басталғанын атап, осы бағыт бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге дайын екенін білдірді.

Тараптар өзара іс-қимылды ілгерілету жолдарын талқылап, су ресурстары саласындағы серіктестіктің екінші бағдарламасын құру мүмкіндігін қарастырды.

Кездесу соңында Е.Көшербаев пен Ц.Дунъюй Ұйымның барлық мүше мемлекеттері мен Хатшылығы үшін ашық көпфункционалды кеңістік болып табылатын ФАО штаб-пәтеріндегі «Қазақстан» бөлмесінің ресми ашылуына қатысты.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Министр бұл іс-шара 1997 жылы еліміз Ұйымға кірген сәттен басталған Қазақстан мен ФАО арасындағы тығыз және жемісті ынтымақтастықты дамытудағы маңызды кезең екенін атап өтті.

«Соңғы жылдары біздің ФАО-мен, оның ішінде Қазақстан-ФАО серіктестік бағдарламасы шеңберінде өзара іс-қимылымыз негізгі секторларда кең ынтымақтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Бұл залдың ашылуы тек ізгі ниет қана емес, сонымен қатар көпжақты ынтымақтастықтың ортақ мақсаттары мен қағидаттарына деген бейілділігіміздің айқын дәлелі», – деп атап өтті Е.Көшербаев.