Астана, 2025 жылғы 10 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті «Kazakh Invest» ҰК» Акционерлік қоғамымен бірлесе елдің энергетикалық инфрақұрылымына инвестиция тарту және гидроаккумуляциялық электр станцияларын (ГАЭС) дамыту мәселелеріне арналған акселерация өткізді.
Іс-шараның мақсаты – ГАЭС саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіретін жүйелі тосқауылдарды айқындау және нормативтік-құқықтық және институционалдық ортаны жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу.
Акселерацияға мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері, соның ішінде ҚР Энергетика, Су ресурстары және ирригация, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, «Самрук-Энерго», «KEGOC», «Qazaqstan Investment Corporation» акционерлік қоғамдары, «Атамекен» ҰКП және басқа да ұйымдар қатысты.
Халықаралық тараптан «PowerChina» және «China Southern Power Grid International» (CSGI) корпорацияларының сарапшылары қатысып, ГАЭС саласындағы заманауи технологияларды енгізу және халықаралық тәжірибені пайдалану жөніндегі ұсыныстарымен бөлісті.
Іс-шараны ашқан ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов гидроаккумуляциялық қуаттарды дамытудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті: «ГАЭС салу жобаларын іске асыру Қазақстанның энергетикалық дамуының маңызды бағыты. Бұл нысандар электр энергиясын өндіру мен тұтыну теңгерімін тиімді қамтамасыз етіп, ұлттық энергия жүйесінің сенімділігі мен икемділігін арттырады. Біз осы бастамаларды ілгерілету үшін халықаралық серіктестермен және инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді ол.
Талқылау барысында Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа деректеріне сәйкес, энергетика саласында жалпы сомасы шамамен 26 трлн теңге құрайтын 88 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқаны, олардың нәтижесінде 7 мыңнан астам жұмыс орны құрылатыны атап өтілді.
Шетелдік серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобаларға ерекше назар аударылды, соның ішінде «Самрук-Энерго» АҚ мен «China Southern Power Grid» арасындағы гидроаккумуляциялық электр станциясын бірлесіп әзірлеу жөніндегі уағдаластықтар аталды.
Акселерация аясында министрліктер, ұлттық компаниялар және инвесторлар өкілдерінің қатысуымен жұмыс топтары құрылды. Онда алаңдарды таңдау мен жобалау мәселелерінен бастап тариф қалыптастыру, инвестицияларды қайтару және мемлекеттік кепілдіктер беру механизмдеріне дейінгі практикалық аспектілер қаралды. Қатысушылар әзірлеген ұсыныстар салалық мемлекеттік органдардың қарастыруына жолданады.
«PowerChina» және «CSGI» өкілдері Қытайда ірі ГАЭС жобаларын іске асыру тәжірибесімен бөлісіп, энергия сақтау жүйелерін дамыту жаңартылатын көздерді интеграциялаудың және көміртектік бейтараптыққа қол жеткізудің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
Сессия қорытындысында ГАЭС құрылысы Қазақстанның энергетикалық өтпелі кезеңінің негізгі элементіне айналып, энергия жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ететіні және жаңартылатын энергия көздері мен атом генерациясын қауіпсіз интеграциялауға мүмкіндік беретіні айтылды.
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ ұсынылған бастамаларды әрі қарай сүйемелдеуді және инвесторлармен жұмысты үйлестіруді жалғастыра отырып, гидроэнергетика саласындағы жобаларды ілгерілетуге ықпал ететін болады.