Астана 2025 жылғы, 8 қазан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде «Серіктестік арқылы бейбітшілік: Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі азаматтық қоғамның рөлі» атты халықаралық конференция өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, дипломатиялық миссиялардың, халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ Қазақстанның, Орталық Азия елдерінің, Еуропа мен Ұлыбританияның үкіметтік емес және зерттеу орталықтарының өкілдері қатысты.
Форумның негізгі тақырыбы – қоғамдық тұрақтылықты нығайту, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы серіктестікті дамыту және радикалданудың алдын алу мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық тәжірибемен алмасу болды.
ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі Елшісі Станислав Василенко қоғамдық дипломатияның өңірлік тұрақтылық пен сенімді нығайтудағы стратегиялық маңызын атап өтті. Еліміз бейбітсүйгіш сыртқы саясатын дәйекті түрде жүзеге асырып, сондай-ақ, азаматтық институттар қауіпсіздіктің белсенді субъектісіне айналатын «қоғам дипломатиясы» моделін дамытып отырғанын атап өтті.
Конференция барысында «Терроризмге қарсы комитет» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы және Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары консорциумының жетекшісі Аманжол Уразбаев «Серіктестік арқылы бейбітшілік» жобасын іске асырудың нәтижелерін ұсынды. Ол құрылған Консорциум мемлекет, қоғам және сарапшылар біртұтас ерте әрекет ету және алдын алу жүйесі ретінде жұмыс істейтін азаматтық қауіпсіздік архитектурасының үлгісі болғанын атап өтті.
Іс-шара аясында Қазақстанның ҮЕҰ консорциумы мен британдық «ConnectFutures» қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, радикалдануға қарсы іс-қимыл, зерттеу және білім беру саласындағы өзара әрекеттестіктің жаңа кезеңі басталды.
Конференция Қазақстанның өңірлік диалог пен бейбітшілік дипломатиясының орталығы ретіндегі жетекші рөлін растады. «Серіктестік арқылы бейбітшілік» жобасы мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының тиімді үлгісі болып, бейбітшілік, сенім және тұрақтылықты нығайтуға үлес қосты.