Қазақстан СІМ басшысы ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты

Қазақстан СІМ басшысы ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысты

Душанбе, 2025 жылғы 9 қазан Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты.

Іс-шара барысында сыртқы саяси ведомстволар басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, Достастыққа қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимылының жай-күйі мен келешегін талқылады.

Министр ТМД шеңберіндегі ынтымақтастықтың түрлі аспектілері бойынша Қазақстанның ұстанымын белгілеп, Ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар айтты.

Халықаралық және сауда-экономикалық кооперацияны дамыту, цифрлық және көлік-транзиттік салалардағы өзара байланыстыжандандыру және басқа да бірқатар әлеуетті бағыттарға ерекше назар аударылды.

Отырыс қорытындысы бойынша делегация басшылары ү.ж. 10 қазанда Душанбе қаласында өтетін ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің отырысына енгізілетін қауіпсіздік, құқық қорғау және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласын дамыту жөніндегі бірқатар құжаттарды мақұлдады.

Кездесу дәстүрлі достық сипатта өтті, тараптар ТМД шеңберіндегі өзара іс-қимылды дамытуға және Ұйымның кең әлеуетін одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.

ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы 2026 жылғы сәуірде Калининград қаласында өтеді.