Қазақстан СІМ-де Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды

Қазақстан СІМ-де Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығымен өзара іс-қимылды нығайту мәселелері талқыланды

Астана, 2025 жылғы 9 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының жаңадан тағайындалған директоры Махмұд Хамидовпен кездесуі өтті.

Тараптар одан әрі ынтымақтастықтың перспективаларын талқылап, есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес саласындағы өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделілігін растады.

Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы – 2009 жылы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан мемлекеттерімен, БҰҰ Есірткі және қылмыс басқармасының қолдауымен құрылған, Алматы қаласында штаб-пәтері орналасқан халықаралық ұйым.

Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының негізгі міндеттеріне қатысушы мемлекеттердің есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимылдағы құзыретті органдарының күш-жігерін үйлестіру, келісілген бірлескен халықаралық операцияларды, оның ішінде бақыланатын жеткізілімдерді ұйымдастыруға, жүргізуге және үйлестіруге жәрдемдесу, трансшекаралық есірткі қылмысы бойынша ақпарат жинауды, сақтауды, қорғауды, талдауды және алмасуды қамтамасыз ету кіреді.