Астанада «Mitsubishi Corporation» корпорациясының басшылығымен кездесу өтті

Астанада «Mitsubishi Corporation» корпорациясының басшылығымен кездесу өтті

Астана, 2025 жылғы 8 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Жапонияның «Mitsubishi Corporation» корпорациясының аға вице-президенті, жаһандық жоспарлау және үйлестіру департаментінің бас менеджері Джуро Баба бастаған делегациясымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар энергетика, өнеркәсіп, инфрақұрылым, «жасыл» технологиялар және сутегі энергетикасы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Ерекше назар жапон компанияларының декарбонизация, өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғырту және қалалық инфрақұрылымда орнықты шешімдерді енгізу жобаларына қатысу мәселелеріне аударылды.

Ә.Қуантыров Жапония Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Mitsubishi Corporation»-ның Қазақстанда көп жылдан бері жұмыс істеуі екі ел арасындағы жоғары сенім деңгейінің айқын дәлелі. Ол қазақ тарапының екі жақ үшін де басым бағыттар – «жасыл» энергетика, шикізатты қайта өңдеу және цифрлық технологиялар салаларында жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін атап өтті.

Өз кезегінде Д.Баба компанияның Қазақстанды сенімді серіктес әрі Орталық Азиядағы жобаларды жүзеге асыру үшін ең перспективалы алаңдардың бірі ретінде қарастыратынын айтты. Ол корпорацияның экологиялық таза технологиялар, сутегі шешімдері және қалалық инфрақұрылымды жаңғырту салаларында ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін және елдің өнеркәсіптік және энергетикалық әлеуетін дамыту жобаларына қатысу мүмкіндіктерін зерттеп жатқанын атап өтті.

1950 жылы құрылған «Mitsubishi Corporation» – әлемнің 80 елінде 1300-ден астам еншілес және серіктес компанияларды біріктіретін Жапонияның ең ірі интеграцияланған сауда-өнеркәсіп корпорациясы. Қазақстанда корпорация 1993 жылдан бері жұмыс істейді және ЖЭО мен тазарту құрылыстарын жаңғырту, отын-энергетика және көлік салаларына арналған жабдықтарды жеткізу, сондай-ақ экология, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы бастамаларды іске асыру жобаларына қатысып келеді.