Қазақстан Елшісі Ирак Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстан Елшісі Ирак Президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Бағдад, 2025 жылғы 8 қазан – Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Елшісі Талғат Шалданбайдың еліміздің Ирактағы Елшісі қызметін қоса атқарушы ретінде Ирак Республикасының Президенті Әбдел Латиф Жамал Рашидке сенім грамоталарын тапсыру салтанатты рәсімі өтті.

Салтанатты рәсімнің соңында тараптар Қазақстан мен Ирак арасындағы қатынастарды нығайтуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.

Елші Т.Шалданбай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемі мен ізгі тілектерін жеткізіп, еліміздің екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетуге бейілділігін растады.

Өз кезегінде, Ирак Президенті екі ел арасындағы достық байланыстарды нығайтуға ниетін білдіріп, Елшіге дипломатиялық қызметінде табыс тіледі.

Сенім грамоталарын тапсыру қарсаңында қазақ дипломаты Ирак Премьер-Министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі Фуад Хусейнмен кездесті. Оның барысында ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі нақты қадамдар талқыланып, саяси диалогты дамытудың, сондай-ақ сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығы аталып өтті.