Астана, 2025 жылғы 2 қазан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Сұлтанбек Францияның «Ellipse Group» компаниясының халықаралық даму жөніндегі директоры Анастасия Колосимомен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың перспективаларын, оның ішінде заманауи перинаталдық орталықтарды салу және жабдықтау, сондай-ақ жеке медициналық мекемелерді дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында Ә.Қуантыров Қазақстанның заманауи медициналық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беретінін және ірі жобаларды іске асыруда озық технологиялар мен тәжірибесі бар халықаралық компаниялармен серіктестікке ашық екенін атап өтті.
Өз кезегінде бұған дейін Франция Президенті Эммануэль Макронның халықаралық стратегия және коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған А.Колосимо компанияның Қазақстандағы қатысу аясын кеңейтуге мүдделі екенін білдірді. Ол «Ellipse Group» Қазақстанды тұрақты экономикалық өсімі мен қолайлы инвестициялық ахуалы бар сенімді серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.
Ellipse Group энергетика, денсаулық сақтау, цифрлық технологиялар және азаматтық құрылыс салаларындағы стратегиялық инфрақұрылымдық нысандарды қаржыландыру және «кілтпен тапсыру» қағидаты бойынша салуға маманданған. Компания Еуропа, Азия және Африка елдерінде жобаларды жүзеге асырып, ЕО-ның жетекші экспорттық-кредиттік агенттіктері мен банктерімен ынтымақтасады.