Астанада XVI «KAZENERGY» Еуразиялық форумының аясында «Инвестициялар экономикасы: бизнес пен мемлекеттің серіктестігі» панельдік сессиясы өтті

Астанада XVI «KAZENERGY» Еуразиялық форумының аясында «Инвестициялар экономикасы: бизнес пен мемлекеттің серіктестігі» панельдік сессиясы өтті

Астана, 2025 жылғы 2 қазан – Kazakhstan Energy Week-2025 және XVI KAZENERGY Еуразиялық форумының аясында «Инвестициялар экономикасы: бизнес пен мемлекеттің серіктестігі» атты панельдік сессия өтті.

Пікірталасқа Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, «KAZENERGY» және Қазақстан инвесторлары қауымдастығы кеңесінің төрағасы Болат Ақчулақов, Қазақстан инвесторлары қауымдастығы басқармасының төрағасы Рустам Жүрсінов, сондай-ақ «Boston Consulting Group» және «Учёт» компаниялар тобы секілді халықаралық консалтингтік және іскерлік құрылымдардың өкілдері қатысты.

Талқылау барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвесторлардың құқықтарын қорғау, экономиканы либерализациялау, әкімшілік кедергілерді азайту және инвестициялық саланы цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралды. Қатысушылар бизнес пен мемлекеттің болжамды инвестициялық ахуалды қалыптастырудағы рөліне және серіктестіктің тиімді құралдарына ерекше назар аударды.

Ә.Қуантыров Қазақстан инвестициялық саясатты сапалы трансформациялауға басымдық беріп отырғанын атап өтті: «Бүгінгі басты міндет – шикізатқа тәуелділіктен арылып, жаңа қосылған құн бағыттары есебінен өсу. Көмір мен мұнай-газ секілді дәстүрлі салаларда біз терең қайта өңдеу мен жоғары қосылған құнды өнім шығару арқылы өндірісті 10-20 есеге дейін арттыру әлеуетін көреміз. Сонымен қатар біз инвестициялық процестің тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін цифрлық және AI шешімдерді белсенді енгізіп жатырмыз. Осы мақсатта 1000-нан астам жоба жүктелген Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылды. Оның «Іске асыру» модулінде мониторинг, тиімділікті бағалау, сондай-ақ инвесторларды қорғау үшін «Прокурорлық сүзгі» функциялары қолжетімді».

Сонымен қатар ол жаһандық капитал үшін бәсекелестік жағдайында Қазақстанның басымдықты шикізаттық емес секторларға – өңдеу өнеркәсібіне, жасыл энергетикаға, агроөнеркәсіптік кешенге, металлургияға және сыни минералдарға беріп отырғанын атап өтті: «Қазақстан кең шикізат базасы мен тиімді географиялық орналасуына ие бола отырып, мұнай-химия саласының әлеуетін іске асыруы тиіс. Жыл сайын елде шамамен 90 млн тонна мұнай және 30 млрд текше метр ілеспе газ өндіріледі – бұл терең өңдеуге арналған қуатты база. Қайта өңделген өнім шикі мұнайға қарағанда 10 еседен аса қымбат тұрады, ал ассортимент 10 мыңнан астам атауды – отыннан бастап жоғары технологиялық полимерлерге дейін қамтуы мүмкін. Бүгінгі күні өндірілген мұнайдың 20%-дан азы қайта өңделуде, ал біздің мақсатымыз – инвесторлар мен бизнес серіктестігінде осы жағдайды өзгертіп, мұнай-химияны 80 млрд АҚШ долларынан астам әлеуеті бар экономиканың драйверіне айналдыру».

Сессия қатысушылары Қазақстанның инвестициялық ахуалды жақсартуға және бизнес үшін қолайлы жағдай жасауға берік ұстанымын атап өтті. Экономиканы либерализациялау, рәсімдердің ашықтығы және цифрландыру саласындағы реформалар серіктестік үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, елді өңірдегі ұзақ мерзімді инвестициялар үшін ең тартымды бағыттардың біріне айналдыратыны аталып өтті.

«KAZENERGY» форумы дәстүрлі түрде мемлекет, бизнес және халықаралық ұйымдар арасындағы диалогтың негізгі алаңына айналды. Сессия барысында энергетика мен оған іргелес салалардың даму перспективалары, сондай-ақ жаһандық экономикалық трансформация жағдайында ынтымақтастықты тереңдетудің жаңа бастамалары ұсынылды.