Астана, 2025 жылғы 30 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мадияр Султанбек Түркияның Сыртқы экономикалық байланыстар комитеті жанындағы Қазақстан-Түркия іскерлік кеңесінің төрағасы Сельчук Юдженің басшылығымен келген түрік бизнес делегациясымен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Ерекше назар металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау, тамақ және тоқыма өнеркәсібі салаларындағы бірлескен жобаларға, сондай-ақ тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылымды жаңғыртуға аударылды. Перспективалы бағыттар ретінде жаңартылатын энергия көздері мен «жасыл» экономика, цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы жобалар аталды.
Ғ.Оспанқұлов Түркия Қазақстанның негізгі сыртқы экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтті. Түркияның ел экономикасына салған инвестиция көлемі 5,8 млрд АҚШ долларына жетті. Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 4 мыңнан астам компания табысты жұмыс істеуде, бұл елдегі бизнес ахуалына деген жоғары сенімділікті дәлелдейді. «Қазақстан индустрияландыру саясатын жүзеге асыруда, ол жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға бағытталған. Әсіресе металлургия, химия өнеркәсібі, машина жасау, тамақ және тоқыма өнеркәсібіндегі жобалар үлкен қызығушылық тудырады. Осы тұрғыда түрік компанияларының аталған жобаларға қатысуы аса перспективалы деп санаймыз», – деді ол.
Өз кезегінде С.Юдже Түркия үшін Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі серіктес екенін атап өтіп, түрік бизнесі өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым және жоғары технологиялар салаларында жаңа жобаларды іске асыруға мүдделі екенін жеткізді. Ол сондай-ақ Түркияның жетекші компанияларын бірлескен бастамаларды дамытуға тартуға дайын екенін айтты.
Кездесуге Alarko Holding, Yıldızlar SSS Holding, Anadolu Group, Renaissance Heavy Industries, GAP İnşaat, Çalık Holding және басқа да жетекші түрік компанияларының өкілдері қатысты. Компаниялар Қазақстандағы қызметін кеңейтуге және түрлі экономика секторларында бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
Түркияның Сыртқы экономикалық байланыстар комитеті (DEİK) шамамен 2000 жетекші түрік компаниясын біріктіреді және елдің сыртқы экономикалық қызметін үйлестіреді. Оның құрамында 152 іскерлік кеңес жұмыс істейді, соның ішінде 1991 жылы бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілету үшін құрылған Қазақстан-Түркия іскерлік кеңесі бар.