Астана, 2025 жылғы 2 қазан – Түрік тарапының бастамасымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен телефон арқылы сөйлесті.
Х.Фидан әріптесін Қазақстан Сыртқы істер министрі лауазымына тағайындалуымен құттықтап, жауапкершілігі жоғары қызметіне табыс тіледі. Өз кезегінде Е.Көшербаев бауырлас түрік елінің СІМ басшысының жылы құттықтауы үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Түркия арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті жан-жақты тереңдетуге бейілділігін жеткізді.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерін және олардың одан әрі даму перспективаларын, сондай-ақ биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.
Тараптар екіжақты және көпжақты форматтағы диалогты жалғастыруға уағдаласып, Әзербайжанда орын алатын Түркі мемлекеттері ұйымы 12-ші саммитінің табысты өтуіне тілектестік білдірді.