Қазақстан мен Сауд Арабиясы инвестициялық серіктестіктің жаңа бағыттарын қарастыруда

Қазақстан мен Сауд Арабиясы инвестициялық серіктестіктің жаңа бағыттарын қарастыруда

Астана, 2025 жылғы 30 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Сауд Арабия Корольдігі делегациясының өкілдері және Қазақстан-Сауд бизнес кеңесінің тең төрағасы Ахмед Әли Әл-Дахильмен кездесу өткізді.

Келіссөздер барысында тараптар энергетика, жаңартылатын энергия көздері, инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен, фармацевтика және жоғары технологиялар сияқты экономиканың басым секторларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады. Ерекше назар Қазақстан-Сауд бизнес кеңесінің екі елдің іскерлік қауымдастықтары арасындағы тікелей диалог үшін тиімді платформа ретіндегі рөліне аударылды.

Ғ.Оспанқұлов Қазақстан мен Сауд Арабиясы сенім мен өзара мүдделерге негізделген стратегиялық серіктестік құрып отырғанын атап өтті. Бүгінде экономиканың негізгі бағыттарында бірлескен жобаларды кеңейту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда: «Біз саудиялық серіктестердің белсенділігін жоғары бағалаймыз және барынша тығыз ынтымақтастыққа ашықпыз. Бүгінгі күні Сауд Арабия Корольдігінің Қазақстанға салған инвестицияларының көлемі 110 млн АҚШ долларынан асты, дегенмен біздің экономикалық байланыстарымызды одан әрі кеңейту үшін зор әлеует бар. Қазақстан инвестициялық бастамаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай мен жеке тәсілді ұсынуға дайын және біз бірлескен жобалар экономикалық байланыстарды нығайтып, елдерімізге айтарлықтай пайда әкелетініне сенімдіміз».

Өз кезегінде Ахмед Әли Әл-Дахиль Сауд Арабия Корольдігі Қазақстанды Орталық Азиядағы перспективалы серіктес ретінде қарастыратынын атап өтіп, бизнес кеңестің жаңа ынтымақтастық бағыттарын дамытуға және Қазақстанда жобаларды іске асыруға саудиялық инвесторларды тартуға жәрдемдесуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу нәтижесінде тараптар жаңа бағыттардағы ынтымақтастықты дамыту бойынша белсенді диалог пен бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады. Осыған байланысты 2023 жылы Эр-Риядта және 2024 жылы Астанада өткен Қазақстан-Сауд бизнес кеңесінің отырыстары серіктестікті жүйелі түрде кеңейту мен жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асырудың берік негізін қалағаны аталып өтті.