Қазақстан СІМ басшысы АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің бейресми кеңесіне қатысты

Қазақстан СІМ басшысы АӨСШК Сыртқы істер министрлерінің бейресми кеңесіне қатысты

Нью-Йорк, 2025 жылғы 25 қыркүйек – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясы аясында Әзербайжанның төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) Сыртқы істер министрлерінің бейресми кеңесі өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысты.

М.Нұртілеу өз сөзінде Қазақстан Әзербайжанның қауіпсіздік, өзара байланыс, энергетика және цифрлық инновациялар саласындағы төрағалығының АӨСШК-ны толыққанды халықаралық ұйымға одан әрі трансформациялауға бағытталған бастамаларын жоғары бағалайтыны туралы мәлімдеді.

Қазақ делегациясының басшысы қабылданған Трансформация жол картасының маңыздылығын атап өтіп, АӨСШК тарихи кезеңде – Ұйым Жарғысын қабылдау процесінде екенін жеткізді.

Министр биылғы Астанада АӨСШК штаб-пәтерін ашудың қатысушы мемлекеттердің бірлескен күш-жігерінің символы және Азиядағы диалог пен өзара іс-қимылды нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде маңыздылығына ерекше назар аударды.

Отырыс барысында АӨСШК-ның институционалдық даму перспективалары, сондай-ақ сенім шараларын іске асыру жөніндегі практикалық қадамдар егжей-тегжейлі талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына және БҰҰ құрылғанына 80 жыл толуына орай бірлескен мәлімдемелер қабылданды, сондай-ақ Қаржы саммитін өткізу және Әйелдер кеңесін құру туралы ережелер мақұлданды.