Түркістан, 2025 жылғы 19 қыркүйек – Қақтығыс аймақтарынан оралған азаматтарды реинтеграциялау мәселелері бойынша Орталық Азия мемлекеттерін қолдауға бағытталған Еуропалық одақ пен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бірлескен бағдарламасының екінші кезеңі бойынша Үйлестіру жұмыс тобының қорытынды отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, мүдделі мемлекеттік органдар, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), Қазақстандағы ЕО өкілдігі, халықаралық ұйымдар мен өңірлік әкімдіктердің өкілдері қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша әрі қарайғы ынтымақтастықтың басымдықтары және табысты практикаларды балаларды қорғау жөніндегі ұлттық саясаттар мен бағдарламаларға интеграциялау бекітілді.
Отырыс барысында ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко бағдарламаның екінші кезеңінің сәтті аяқталуы Қазақстанның ЮНИСЕФ және Еуроодақпен серіктестігінің нәтижелілігін айқын көрсеткенін атап өтті. Ол балалар құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесінің дәйекті түрде нығайып келе жатқанын және Қазақстанның үздік тәжірибемен ел ішінде де, халықаралық серіктестермен де бөлісуге дайын екенін айтты. Елші сондай-ақ Қазақстан қақтығыс аймақтарынан 700-ден астам азаматты, оның ішінде 526 баланы қайтарғанын және олардың орнықты реинтеграциясы үшін кешенді қолдау көрсетілгенін еске салды. Бүгінде прогресс балалардың өз жетістіктерінен айқын көрінеді: Алматы облысында бір жасөспірім «Ақбота» зияткерлік марафонында 3-орын алды; Жетісу облысында бір оқушы халықаралық «Пони» байқауында 1-орын иеленді; Қарағанды облысында бір оқушы «English Vocabulary» халықаралық олимпиадасында 2-орын алды. Бұл жетістіктер ведомствоаралық қолдау мен оңалтудың нәтижелілігін дәлелдейді.
Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігі басшысының орынбасары Ааро Юлитало ЮНИСЕФ және Қазақстан Үкіметімен ынтымақтастық балалар үшін, оның ішінде психологиялық жарақат алғандар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, балалардың өміріндегі нақты оң өзгерістер қазірдің өзінде байқалады, бұл адам құқықтарын қорғау және балалардың әл-ауқатын қамтамасыз ету жолындағы бірлескен күш-жігердің маңыздылығын растайды.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Рашед Мұстафа Сарвар Қазақстанда балалардың қажеттіліктеріне сезімтал әрі орнықты жүйе қалыптасып келе жатқанына тоқталып: «Біздің ортақ міндетіміз – әрбір бала, өзі бастан өткерген тәжірибесіне қарамастан, үздіксіз әрі сапалы көмек алып, өзінің әлеуетін жүзеге асыра алуы», – деп атап өтті.
Түркістанда ұсынылған негізгі нәтижелер:
Кездесудің тәжірибелік бөлімінде қатысушылар Түркістан қаласындағы Психологиялық қолдау орталығы мен Отбасын қолдау орталығына барып, жергілікті деңгейде кейс жүргізу, зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасыларды қолдап-сүйемелдеу жұмысының барысымен танысты.