Қазақстан СІМ-де ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссарымен кездесу өтті

Қазақстан СІМ-де ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссарымен кездесу өтті

Астана, 2025 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезіне қатысу үшін Қазақстанға сапармен келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары Кристоф Камппен кездесу өткізді.

Кездесу барысында көптілді білім беруді дамыту, аз ұлттардың елдің әлеуметтік-экономикалық өміріне қатысуын кеңейту, сондай-ақ оларды мемлекеттік басқару процестеріне тарту мәселелері талқыланды.

А.Исетов ЕҚЫҰ өкілдерін халықтың, оның ішінде аз ұлттардың әл-ауқатын жақсарту бағытында елде жүргізіліп жатқан саяси реформалар, экономикалық және әлеуметтік қайта құрулар туралы хабардар етті.

Өз кезегінде К.Камп Қазақстанның этносаралық келісімді нығайтудағы және аз ұлттардың тілдік және мәдени құқықтарын қолдау жөніндегі бірегей тәжірибесін ерекше атап өтті. Ол осы саладағы мемлекеттік саясаттың жемісті нәтижелерін жоғары бағалап, сондай-ақ кейінгі реформалар шеңберінде ынтымақтастық пен бірлескен іс-қимылдарды үйлестіруді нығайтуға үміт білдірді.

ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары сонымен қатар диалог, консультациялар және практикалық ұсынымдар негізінде этносаралық шиеленісті төмендету және қақтығыстардың алдын алу мәселесіндегі өз көзқарастары және басымдықтарымен бөлісті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар адам құқықтарын қорғау, аз ұлттарды қолдау және этносаралық келісімді нығайту саласындағы белсенді өзара іс-қимылға дайындығын растады.