Қазақстан СІМ-де фармацевтика саласындағы инвестициялық жобаны іске асыру қарастырылды

Қазақстан СІМ-де фармацевтика саласындағы инвестициялық жобаны іске асыру қарастырылды

Астана, 2025 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов қытайлық «Cheng Tian Run Kang Medical Limited» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ли Шу-хэмен кездесу өткізді.

Инвестор Қазақстанда техникалық қарасораны өсіру және қайта өңдеу жобасын іске асыруға ниет білдірді. Өсімдік құрамындағы тетрагидроканнабинолдың рұқсат етілген мөлшері (0,3%-дан аспайды) халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және оның психоактивті қасиеттерін жоққа шығарады. Алынатын шикізат медициналық препараттар, биологиялық белсенді қоспалар және тоқыма өнеркәсібі өнімдерін өндіру үшін пайдаланылатын болады. Бұдан бөлек, инвестор ет өңдеу саласындағы жобаны жүзеге асыруға да қызығушылық танытты.

Ғ.Оспанқұлов фармацевтика және ауыл шаруашылығы шикізатын терең қайта өңдеу саласындағы жобаларды дамыту Қазақстан инвестициялық саясатының басымдықтарына сәйкес келетінін атап өтті. Ол мемлекет қажетті қолдау көрсетіп, тиісті ведомстволармен үйлестіруді қоса алғанда, толық сүйемелдеу шараларын қамтамасыз етуге дайын екенін ерекше айтты.

Өз кезегінде Ли Шу-хэ Қазақстан ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу саласында жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайға ие екенін атап өтті. Ол компанияның Қазақстанды Орталық Азиядағы стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа мүдделі екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жобаның параметрлерін талқылауды жалғастыруға және Қазақстан аумағында практикалық іске асыру мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты.