Алматы облысы, 2025 жылғы 16 қыркүйек – «Carlsberg Kazakhstan» компаниясының алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа зауытының іргетасын қалау және инвестициялық келісімге қол қоюдың салтанатты рәсімі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Алматы облысы әкімдігінің, дипломатиялық корпустың өкілдері, сондай-ақ «Carlsberg Group» және «PepsiCo» компанияларының басшылығы қатысты.
Ғ.Оспанқұлов жобаны жүзеге асыру Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуалдың және жаһандық компаниялармен серіктестіктің стратегиялық маңыздылығының дәлелі екенін атап өтті. Оның айтуынша, зауыттың іргетасын қалау еліміздің бизнеске жағдай жасау жөніндегі саясатына инвесторлардың сенімін көрсетеді.
«Carlsberg Group-тың Қазақстанда жұмыс істеген жылдарында шамамен 640 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Инвестиция көлемі 344 млн доллар болатын жаңа жоба компанияның ұзақ мерзімді ниеттерін растайды және өңірдің тамақ өнеркәсібін дамыту драйверіне айналады. Зауыттың іске қосылуы жүздеген жұмыс орнын құрып, жергілікті шикізатты пайдалануды кеңейтеді және елдің экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосады», – деді ол.
Өз сөзінде Комитет төрағасы сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігі мен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ жобаны толық сүйемелдеуге, оның ішінде ілеспе өндірістерді дамыту мен локализацияны кеңейту шараларын қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті.
Елеулі назар жергілікті ілеспе өндірістерді дамытуға аударылуда. Топтың сатып алулар құрылымындағы жергілікті қамту үлесі 80%-ды құрайды және арпа, бидай, алюминий банка, шыны бөтелке, картон сияқты тауарларды қамтиды, олар іс жүзінде толық көлемде қазақстандық өндірушілерден сатып алынады.
«Жаңа зауыт – бұл жай ғана өндірістік алаң емес. Бұл Қазақстандағы біздің ұзақ мерзімді міндеттемелеріміздің нысаны. Бұл жаңа жұмыс орындарын, заманауи технологияларды және жергілікті экономиканың дамуына айтарлықтай үлес әкелетін инвестициялар. Құрылыс аяқталғаннан кейін ол өңірдегі ең заманауи және орнықты зауыттардың біріне айналып, толықтай халықаралық стандарттарға сай болады», – деп атап өтті «Carlsberg Group» бас директоры Якоб Ааруп-Андерсен.
Жаңа зауыт Алматы облысының Іле ауданында 17 гектар жер телімінде салынады. Өндірістік қуаты жылына шамамен 1 млрд литр сусын болады. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 344 млн АҚШ долларын құрайды. 230-дан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Өнімдер PepsiCo лицензиясы бойынша өндіріліп, Қазақстан мен Қырғызстан нарықтарына жеткізіледі. Зауыт 2026 жылы іске қосылады деп күтілуде.
Зауыт халықаралық сапа, экология және энергия тиімділігі стандарттарына сәйкес салынады, бұл Қазақстанның сусындар нарығындағы позициясын нығайтып, жаңа технологиялар мен брендтердің дамуына ықпал етеді.