Қазақстан Сыртқы істер министрі «Roca Group» басшылығымен кездесу өткізді

Қазақстан Сыртқы істер министрі «Roca Group» басшылығымен кездесу өткізді

Астана, 2025 жылғы 12 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Roca Group» испандық компаниялар тобының бас атқарушы директоры Альберто Магранспен кездесу өткізді.

Тараптар Қызылорда облысындағы «Өндіріс» индустриялық аймағында заманауи санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын зауыт салу жөніндегі бірлескен инвестициялық жобаны іске асыру мәселесін талқылады. Жоспар бойынша жаңа кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 500 мың бұйымға дейін жетпек – олардың қатарында инсталляциялық жүйелер мен басқа да компоненттер бар. Өнім Қазақстанның ішкі нарығына да, Орталық Азия елдеріне экспорттауға да бағытталатын болады. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 70 млн еуроны құрайды. Жобаны іске асыру өңірде 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

М.Нұртілеу Қазақстан өңірлеріне жетекші жаһандық компаниялардың келуіне ерекше мән беретінін атап өтті. Ол Үкіметтің бұл жобаны жан-жақты қолдайтынын, оның индустриялық дамудың қозғаушы күшіне айналып, Қызылорда облысының экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.

Өз кезегінде А.Магранс компанияның Қазақстанды Орталық Азиядағы бизнесін дамыту үшін стратегиялық алаң ретінде қарастыратынын айтты. Оның сөзінше, елдің тиімді өнеркәсіптік және логистикалық әлеуеті, сондай-ақ қолайлы іскерлік ахуалы Қазақстанды компанияның өңірлік қатысуын кеңейту үшін қисынды таңдау етеді.

«Roca Group» – санитарлық-техникалық өнімдер саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания әлем бойынша 78 зауытты және 20 мыңнан астам қызметкерді біріктіреді.