Қазақстан Елшісі Еуропалық одақ басшыларына сенім грамоталарын табыс етті

Қазақстан Елшісі Еуропалық одақ басшыларына сенім грамоталарын табыс етті

Брюссель, 2025 жылғы 11 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Еуропалық одақ жанындағы Өкілдігінің басшысы Роман Василенко Еуропалық кеңестің және Еуропалық комиссияның президенттері Антониу Кошта мен Урсула фон дер Ляйенге сенім грамоталарын табыс етті.

Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі барысында А. Кошта мен У. фон дер Ляйен Қазақстан халқы мен Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа шын жүректен игі тілектерін білдіріп, биылғы сәуір айында Самарқандта өткен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммиті аясында Мемлекет басшысымен өткен мазмұнды келіссөздерді жылы лебізбен еске алды. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі қарқынды дамытуға өзара мүдделілік білдірді.

ЕО жоғары лауазымды өкілдерімен өткен кездесулер барысында ҚР Елшісі Еуроодақ Қазақстанның ең ірі сауда-экономикалық серіктесі және негізгі инвесторы екенін атап өтті. Ол саяси диалогтың жоғары қарқынын ерекше атап өтіп, көлік және логистика, энергетика, стратегиялық маңызды шикізаттар, цифрландыру және басқа да басым салалар бойынша өзара іс-қимылды жандандыруға шақырды.

Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі өзара құрмет пен ашықтық ахуалында өтіп, тараптардың диалог пен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылысын айқын көрсетті.

Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 48,8 млрд АҚШ долларын құрады, оның ішінде 38,1 млрд доллар – қазақстандық экспорт. 2005 жылдан бері ЕО-дан Қазақстанға тартылған инвестициялар көлемі 200 млрд доллардан асты. Елімізде Shell, Total, Airbus, Alstom және басқа да еуропалық қатысуы бар 3000-нан астам компания табысты жұмыс істеуде.