Қазақстан СІМ-де Орталық Азиядағы мүгедектігі бар әйелдердің БҰҰ конвенциялары мен Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруға қосқан үлесі талқыланды

Қазақстан СІМ-де Орталық Азиядағы мүгедектігі бар әйелдердің БҰҰ конвенциялары мен Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыруға қосқан үлесі талқыланды

Астана, 2025 жылғы 10 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде «Орталық Азиядағы мүгедектігі бар әйелдердің мүдделерін ескере отырып Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу» атты халықаралық конференция өтті. Бұл іс-шара Финляндияның «Кюннюс» қауымдастығы қолдаған Орталық Азияның мүгедектігі бар әйелдер ұйымдары желісі жобасының қорытынды кезеңі болды.

Іс-шараны «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы, Орталық Азия мүгедектігі бар әйелдер желісі, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Кюннюс» қауымдастығы және Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі бірлесіп ұйымдастырды.

Конференция барысында Орталық Азиядағы мүгедектігі бар әйелдер ұйымдарының жұмыс тәжірибесі қарастырылып, тақырыптық бағыттар бойынша талдау жасалды және мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқықтарын қамтамасыз ету тұрғысынан Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жөнінде ұсыныстар берілді.

Қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Орнықты даму мақсаттарының болашаққа бағытталған әмбебап күн тәртібі екенін атап өтті. «Алайда оларды іске асыру халықтың осал топтарының мүдделерін ескермей мүмкін емес. Мүгедектігі бар әйелдер мен қыздар – бұл бүкіл әлем бойынша білімге, медицинаға, жұмыспен қамтуға және қоғамдық өмірге тең қолжетімділігі болуы тиіс миллиондаған азаматтар. Сондықтан біздің ортақ борышымыз – ешкімнің назардан тыс қалмауын және мүмкіндіктерден шет қалмауын қамтамасыз ету», – деді ол.

Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова инклюзия қағидаттарын ілгерілету және Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу Қазақстан үшін басты басымдықтар болып қала беретінін атап өтті. «Біз мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіру арқылы мүмкіндігі бар әйелдер мен қыздар өзін-өзі танытуға және өмірдің барлық салаларына белсенді қатысуға тең мүмкіндіктерге ие болатын инклюзивті қоғам құруға болатынына сенімдіміз. Қазақстан ынтымақтастыққа және озық тәжірибе алмасуға ашық болып, осы ортақ іске өз үлесін қосуды жалғастыруға дайын», – деді дипломат.

Конференция Орталық Азия елдерінің Орнықты даму мақсаттарын іске асыруға, БҰҰ-ның Мүгедектер құқығы туралы конвенциясының және Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы БҰҰ конвенциясының ережелерін орындауға бағытталған халықаралық міндеттемелерін орындауға елеулі үлес қосады. Сондай-ақ бұл іс-шараға қолдау көрсету ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары, гендерлік теңдік және инклюзия саласындағы басымдықтарды ілгерілетуге қосқан үлесін, ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешімдері мен Ұйымның стратегиялық құжаттарында, соның ішінде Хельсинки қорытынды актісі мен 2004 жылғы Гендерлік теңдікті ілгерілету жөніндегі іс-қимыл жоспарына бекітілгенін көрсетеді.

2005 жылдан 2025 жылға дейін Орталық Азия мүгедектігі бар әйелдер желісі серіктестерімен бірге мүгедектігі бар әйелдердің теңдігін, құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілету бағытында жұмыс істеп келеді.

Желі ұлттық және халықаралық деңгейде мүгедектігі бар әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі адвокация жобаларын, мүгедектігі бар әйелдердің репродуктивтік құқықтарын іске асыру, мүгедектігі бар қыздарға арналған Тәуелсіз өмір мектептерін ұйымдастыру, мүгедектігі бар әйелдерге қатысты теріс стереотиптерді өзгерту, зорлық-зомбылықтан қорғау және көшбасшылық бойынша білім беру бағдарламаларын әзірледі.