Исламабад, 2025 жылғы 9 қыркүйек – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Исламабадқа ресми сапары барысында Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен кездесу өткізді.
Тараптар екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, өзара іс-қимылды одан әрі күшейтуге бағытталған қадамдарды қарастырды. Негізгі назар саяси диалогты кеңейтуге, экономикалық байланыстарды нығайтуға және жаһандық форматтағы бірлескен бастамаларды ілгерілетуге аударылды.
Қазақстан СІМ басшысы сұхбаттасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, соның ішінде ү.ж. 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының мазмұны туралы хабардар етті.
М.Нұртілеу Исламабадпен жүйелі өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, Астананың екіжақты және өңірлік алаңдарда өзара тиімді бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
«33 жылдан астам уақыт ішінде елдеріміз мазмұнды саяси диалогты қолдап, өзара сенімге, ашықтыққа және гуманитарлық байланыстарға негізделген берік қатынастар орнатты», – мәлімдеді ол.
Өз кезегінде Ш.Шариф Орталық Азия мемлекеттерімен, атап айтқанда Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейту үшін зор әлеует бар екенін айтты.
Сұхбаттастар саяси диалогты қолдауға, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға мүдделілігін растады, сондай-ақ өңірлік қатынастар архитектурасын нығайтуға уағдаласты.
Кездесу соңында Пәкістан Премьер-министрі Қазақстан-Пәкістан қарым-қатынастарының деңгейіне жоғары баға беріп, олардың мазмұнды дамуын одан әрі жалғастыруға дайын екенін білдірді.