Қазақстан СІМ басшысы ірі пәкістандық компаниялардың жетекшілерімен кездесулер өткізді

Қазақстан СІМ басшысы ірі пәкістандық компаниялардың жетекшілерімен кездесулер өткізді

Исламабад, 2025 жылғы 8 қыркүйек – Пәкістанға ресми сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу экономиканың негізгі салаларындағы жетекші пәкістандық компаниялардың басшылығымен бірқатар кездесулер өткізді.

«Fauji Foundation» бас директоры Анвар Али Хайдермен өткен кездесу барысында қордың еншілес кәсіпорындары – «Fauji Fertilizer», «Mari Energies», «Askari Bank» және «Fauji Food» компанияларымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мен ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланды. Ауыл шаруашылығы, минералды тыңайтқыштар өндірісі, азық-түлік пен құрылыс материалдарын шығару салаларында ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Қазақстан мен Пәкістан арасындағы банк саласындағы байланысты нығайту мүмкіндіктері қарастырылды. Аталған жоспарларды іске асыру үшін «Fauji Foundation» қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасындағы байланыстарды жандандыру, сондай-ақ қазіргі мүмкіндіктерді зерделеу және ынтымақтастықты кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарын әзірлеу мақсатында өзара сапарлар ұйымдастыру туралы келісімге қол жеткізілді.

Көлік-логистика саласындағы серіктестіктің перспективалары «National Logistics Corporation» бас директоры Фаррух Шахзадпен өткен кездесуде талқыланды. Тараптар логистика саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған нақты шараларды айқындады. Қазақ делегациясы екі елдің ірі операторларының қатысуымен бірлескен Қазақстан-Пәкістан көлік-логистикалық консорциумын құру бастамасын ұсынды. Оны іске асыру қолданыстағы әлеуетті неғұрлым тиімді пайдалану және өзара жеткізілімдерді кеңейту үшін күш жұмылдыруға мүмкіндік береді.

«TCS Logistics» компаниясының төрағасы Халид Наваз Аванмен кездесуде Қазақстанда жүзеге асырылудағы ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға қатысу мүмкіндіктері қарастырылды. Министр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту стратегиялық басымдық ретінде айқындалғанын атап өтті. Негізгі бастамалардың қатарында Еуразия мен Орталық Азия нарықтарын Пәкістанмен байланыстырып, Парсы шығанағы, Африка және Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне шығуға мүмкіндік беретін Ауғанстан арқылы өтетін темір жол құрылысы бар екенін атап өткен жөн.

Кездесулер қорытындысы бойынша қазақ тарапы сұхбаттастардың қызығушылығы үшін алғыс білдіріліп, талқыланған бастамаларды практикалық тұрғыда іске асыруға бағытталған конструктивті диалогты жалғастыруға дайын екенін растады.