Астана, 2025 жылғы 27 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысы өтіп, балалардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды.
Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері, мүдделі министрліктер, қазақстандық құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық сектор өкілдері, сондай-ақ іс-шара қонақтары – БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы мен БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері қатысты.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова өз сөзінде ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар балаларға қатысты орын алған қылмыстар үшін жазаны қатаңдату және кәмелетке толмағандарға қатысты буллинг жөнінде әкімшілік жауапкершілікті енгізу бойынша шаралардың қабылданғанына назар аударды.
Қатысушылар «Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігі туралы» қабылданған жаңа Заңды ерекше назарға алды. Қазақстандағы БҰҰ-Әйелдер құрылымының аға кеңесшісі, сондай-ақ Орталық Азиядан алғашқы рет БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою комитетіне (CEDAW) сайланған Мадина Жарбосынова аталған Заңның қабылдануы қауіпсіз қоғам құрудағы тарихи қадам екенін атап өтті. Ол ҚР Сыртқы істер министрлігі, БҰҰ-Әйелдер және Еуропалық одақтың қолдауымен өңірдің бес елін біріктірген Гендерлік зорлық-зомбылықты жою жөніндегі Орта Азиялық альянсының құрылғанын хабарлады.
Балаларды цифрлық ортада қорғау мәселесі бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Юлия Овечкина жаңа тәсілдерді таныстырды. Атап айтқанда, 5-9 сыныптарға арналған оқу бағдарламасына медиасауаттылық тақырыптарын қамтитын «Жаһандық құзыреттер» пәні енгізілді, сондай-ақ балалардың интернетте қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға және ата-аналарды цифрлық тәрбиелеу процесіне тартуға бағытталған «Кибер Тұмар» және «Ата-аналық бақылау» ағартушылық шаралары жүзеге асырылуда.
Екінші мәселе бойынша ҚР Ішкі істер министрлігінің аға инспекторы Галия Өтепова жоғарыда аталған Заң қабылданғаннан кейін кісі өлтіру фактілерінің саны 2-3 есеге азайғанын, ал отбасы ішіндегі ауыр дене жарақаттарын келтіру жағдайлары 25%-ға төмендегенін атап өтті. Сонымен қатар ол тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелін бағалаудың қазақстандық стандартын таныстырды. Бұл стандарт халықаралық ODARA (тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелін бағалаудың халықаралық құралы) жобасы негізінде әзірленген. Аталған әдістеме қайталама құқықбұзушылық қаупі жоғары тұлғаларды анықтауға мүмкіндік береді және құқықбұзушыларға міндетті психологиялық көмек тағайындалуын қарастырады.
Іс-шара соңында қатысушылар жаңа заңнамалық бастамаларды іске асыруда мемлекет, азаматтық қоғам мен халықаралық серіктестердің бірлескен күш-жігері Қазақстандағы адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайтуда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
Анықтама: «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші орган 2013 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен құрылған. Бұл алаң үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты дамытуға арналған тиімді құрал ретінде қызмет атқаруда. Мұнда адам құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер халықаралық ұйымдар байқаушыларының қатысуымен талқыланады.