Қазақстан мен Сьерра-Леоне екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Сьерра-Леоне екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда

Астана, 2025 жылғы 28 тамыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға жұмыс сапарымен келген Сьерра-Леоне Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Тимоти Муса Каббамен кездесу өткізді.

Бұл сапар биылғы жылы екінші рет жүзеге асырылып отыр, ол екіжақты қатынастардың оң қарқынын және елдер арасындағы сенімнің артуын айқындайды.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары сәуір айындағы кездесуде қол қойылған екіжақты Жол картасының орындалуын талқылап, саяси, экономикалық және гуманитарлық өзара іс-қимылды нығайту бойынша келесі қадамдарды белгіледі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, логистика, цифрландыру, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелері қаралды.

Сұхбат барысында М.Нұртілеу қазіргі өзара іс-қимылдың ерекше құндылығы тек практикалық ынтымақтастықты кеңейтуде ғана емес, сонымен қатар болашақ бастамаларға берік негіз қалайтын сенімді нығайтуда екенін атап өтті.

«Қазақстан мен Сьерра-Леоне қарым-қатынастарды дәйекті дамытуға бірдей мүдделі. Бүгін біз сенім мен нақты нәтижелерге негізделген ынтымақтастық орнатып жатырмыз», – деді Қазақстан СІМ басшысы.

Министрлер дипломатиялық және қызметтік паспорт иелері үшін визасыз режим орнату туралы келісімнің ү.ж. 5 қыркүйекте күшіне енуін оң бағалады. Т.Кабба бұл шешім Қазақстанның Африкамен ұзақ мерзімді байланыстар құрудағы ашықтығын көрсететінін айтты.

Халықаралық күн тәртібі аясында тараптар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау қажеттілігі сияқты негізгі мәселелер бойынша көзқарастардың ұқсастығын растады. Сьерра-Леоне тарапы сенімді серіктес ретінде өзін көрсете білген Қазақстанның БҰҰ және ИЫҰ шеңберіндегі бастамаларын одан әрі қолдауға дайын екенін ерекше атап өтті.

Сұхбаттастар белсенді саяси диалог пен қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру өзара түсіністікті одан әрі нығайтып, Қазақстан мен Сьерра-Леоне арасындағы серіктестіктің жаңа көкжиектерін ашатынына сенім білдірді.