Астана, 2025 жылғы 25 тамыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу алғашқы ресми сапарымен Астанаға келген Жапонияның Сыртқы істер министрі Такеши Иваямен кездесу өткізді.
Тараптар кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің жоғары деңгейін растады, саяси өзара іс-қимылды, халықаралық және өңірлік күн тәртібін, сондай-ақ «Орталық Азия +» форматындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Астана мен Токио БҰҰ Жарғысының қағидаттарына бейілділігін білдіріп, көпжақты ынтымақтастықты нығайтудың және халықаралық құқық нормаларын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
М.Нұртілеу «Орталық Азия + Жапония» диалогы шеңберіндегі өзара іс-қимылды дамытудың және осы форматтағы алғашқы саммитке дайындықтың маңыздылығына тоқталып, жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстарды қолдаудың қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Т.Ивая Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі Жапония үшін ортақ мақсаттар мен ұмтылыстарды бөлісетін маңызды серіктес екенін атап өтті. Ол көп қырлы ынтымақтастықты нығайту үшін берік негізі бар қазақ-жапон серіктестігінің қазіргі жай-күйін жоғары бағалады.
Сауда-экономикалық өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан көмірді (жылына 115 млн тонна – әлемдегі ең ірі көрсеткіш), металлургия, мұнай-химия және азық-түлік өнімдерін қоса алғанда, экспортты ұлғайтуға дайын екенін білдірді.
Қазақстан СІМ басшысы атап өткендей, Жапонияның еліміздің экономикасына салған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі шамамен 9 млрд АҚШ долларына жетіп, он ірі инвестордың қатарына кіреді. Жапон компаниялары тау-кен металлургия өнеркәсібі, энергетика және инфрақұрылым салаларындағы жобаларға белсенді қатысуда.
2024 жылғы екіжақты тауар айналымы шамамен 2 млрд АҚШ долларын құрады, ал биылғы жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 800 млн долларға жуықтады.
«Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүк тасымалдарының шамамен 80%-ын қамтамасыз етіп отыр. Біз жапон инвесторларының қатысуымен Транскаспий бағытын дамыту және жасанды интеллектті қоса алғанда, цифрлық технологияларды енгізу бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді М.Нұртілеу.
Авиация саласында тараптар «Air Astana» және «Japan Airlines» әуе компаниялары серіктестігінде 2026 жылғы наурызда Алматы-Токио тікелей әуе бағытын іске қосу жоспарын құптады. Сондай-ақ жапон әуе компанияларының транзиттік рейстеріне қазақстандық әуежайларда қызмет көрсету және логистикалық терминалдар құру мүмкіндіктері қарастырылды.
Гуманитарлық салада ядролық медицина, денсаулық сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу бағыттарындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу аясында Қазақстан Жапонияны 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммитке қатысуға шақырды.
Қазақ тарапы медициналық мамандардың біліктілігін арттыру үшін заманауи жапондық технологияларды тартуға, сондай-ақ ерте хабарлау жүйелері мен тәуекелдерді мониторингтеу саласында тәжірибе алмасуға мүдделілік танытты.
Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық күш-жігерді қолдай отырып, қарусыздану саласында ілгерілеудің қажеттілігін атап өтті. Тараптар БҰҰ, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі және Ядролық қаруды таратпау туралы шарт шеңберінде халықаралық аренадағы тығыз ынтымақтастық пен өзара қолдауға бейілдігін растады.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша министрлер Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жапония Үкіметі арасындағы Экономикалық және әлеуметтік дамуды жүзеге асыруға арналған грантқа қатысты келісімге қол қойды.