Қазақстан мен Әзербайжан СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан мен Әзербайжан СІМ басшылары телефон арқылы сөйлесті

Астана, 2025 жылғы 14 тамыз – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Әзербайжан Республикасы Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов телефон арқылы сөйлесті.

М.Нұртілеу Әзербайжан СІМ басшысын Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік орнату туралы декларацияға қол қойылуымен құттықтап, бұл тарихи қадам ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашып, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақты дамудың берік негізіне айналады деген үмітін білдірді.

Осы тұрғыда сұхбаттастар өңірлік коммуникацияларды ашу жөніндегі уағдаластықтар аясында туындайтын сауда, логистика және көлік салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары туралы пікір алмасты.

Сонымен қатар тараптар алдағы өзара іс-қимыл жоспарларын талқылап, жоғары деңгейдегі іс-шаралар кестесіне ерекше назар аударды және телефон арқылы сөйлесу барысында көтерілген барлық мәселелер бойынша тұрақты байланыста болуға келісті.

Сұхбат қорытындысы бойынша министрлер Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға және барлық бағыттардағы өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге бейілділігін растады.