Астана, 2025 жылғы 8 тамыз – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Тәжікстан Республикасының Инвестициялар және мемлекеттік мүлік басқару жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Султон Рахимзодамен кездесу өткізді. Кездесу Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 19-шы отырысы аясында өтті.
Тараптар сауда және инвестиция саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Қазақстан Тәжікстанның негізгі сауда-экономикалық серіктестерінің қатарында тұрақты түрде орын алады: өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара сауда айналымы 1,3 млрд АҚШ долларын құрап, 7,4%-ға өсті. Мемлекет басшылары екіжақты сауданың көлемін 2 млрд АҚШ долларына дейін арттыру жөнінде мақсат қойған.
Кездесу барысында Ә.Қуантыров Қазақстанның Тәжікстанмен сауда және инвестиция саласындағы өзара тиімді байланыстарды нығайтуға зор мән беретінін атап өтті. Қазақстан 85 тауар позициясы бойынша экспортты 200 млн АҚШ долларына дейін арттыруға дайын. Сонымен қатар Министрдің орынбасары тәжік тарапын биылғы жылдың 31 қазанында өтетін Қазақстандық жаһандық инвестициялық дөңгелек үстелге (KGIR) қатысуға шақырды.
«Бізде экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге барлық алғышарттар бар – өсіп келе жатқан сауда айналымы, бизнестің кооперацияға дайындығы және мемлекет басшылығы деңгейіндегі түсіністік. Алдағы жылдары біз тек сауда саласында ғана емес, бірлескен инвестициялық жобаларда да өсімді байқаймыз деп сенемін», – деді ол.
Ә.Қуантыров сондай-ақ теміржол көлігі саласында оң серпін байқалып отырғанын атап өтті. 2024 жылы Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тасымал көлемі 8%-ға артып, 5,1 млн тоннаны құрады. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында бұл көрсеткіш 2,7 млн тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,1%-ға өсті. Автокөлік тасымал көлемі де 45%-ға артып, 494 мың тоннаға жетті. Сонымен қатар қазақстандық теміржол техникасын Тәжікстанға жеткізу мүмкіндіктері қарастырылуда.
С.Рахимзода Қазақстанмен инвестициялық және сауда қатынастарын нығайтудың Тәжікстан үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Ол сондай-ақ қазақ тарапын биыл қазан айында Душанбеде өтетін инвестициялық форумға қатысуға шақырды.
«Қазақстан Тәжікстанның жетекші экономикалық серіктестерінің бірі болып қала береді. Біз саудадан бастап бірлескен өндірістерді іске асыруға дейінгі барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз. Жоспарланған бастамалардың жүзеге асырылуы екіжақты қарым-қатынастарымыздың дамуына жаңа серпін беретініне сенімдімін», – деді ол.
Сұхбаттастар екі елдің еркін және арнайы экономикалық аймақтарында ұн, кондитерлік өнімдер, өсімдік майы, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу, табиғи шырындар мен концентраттар өндірісі бойынша бірлескен кәсіпорындар құру сияқты өндірістік жобаларға ерекше қызығушылық білдірді. Қазақстан Тәжікстан экономикасындағы ең ірі төрт инвестордың қатарына кіреді, ал жалпы инвестиция көлемі 146 млн АҚШ долларынан асты.
Өнеркәсіп, логистика, агроөңдеу және энергетика сияқты басым салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниеті расталды.