ҚР СІМ Инвестициялар комитеті мен KAZAKH INVEST «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында инвесторларға мемлекеттік қолдауды кеңейтеді

ҚР СІМ Инвестициялар комитеті мен KAZAKH INVEST «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында инвесторларға мемлекеттік қолдауды кеңейтеді

Астана, 2025 жылғы 30 шілде – Шетелдік инвесторларды қолдау шараларын күшейту аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ өкілдерімен, оның ішінде Сервистік қолдау департаментінің директоры Алида Түебековамен бірге «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Экспат орталығына барды. Кездесуге АХҚО клиенттермен жұмыс жөніндегі бас директоры Бауржан Канкин мен Экспат орталығының директоры Айнұр Жұматова қатысты.

Кездесу барысында инвесторлар үшін мемлекеттік қызметтерді біріктіру шаралары талқыланып, бірлескен фронт-офистің жұмысына ресми түрде бастау берілді. Жоспар бойынша АХҚО Экспат орталығының базасында шетелдік инвесторлар үшін барлық қажетті қызметтер қолжетімді болады: визалық қолдау, инвестициялық келісімшарттар мен мемлекеттік қолдау құралдары бойынша кеңес беру, сондай-ақ Қазақстанда ұзақ мерзімді тұруға рұқсат алу («алтын виза»).

«Біз АХҚО Экспат орталығын инвесторларды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді біріктіру үшін тиімді алаң ретінде қарастырамыз. KAZAKH INVEST қатысуымен бірлескен фронт-офис ашу визалық қолдаудан бастап инвестициялық келісімшарттар бойынша кеңеске дейін негізгі қызметтерге қолжетімділікті ыңғайлы әрі жедел етеді», – деді Ғ.Оспанқұлов.

АХҚО Экспат орталығы – шетелдік инвесторлар мен сарапшыларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында құрылған бірегей көпфункционалды орталық. Орталықтың қызметі «бір терезе» қағидаты бойынша ағылшын тілінде көрсетіледі.

Болжам бойынша АХҚО Экспат орталығы базасындағы күштерді біріктіру шетелдік инвесторларға алғашқы кеңестен бастап жобаны іске асыруға дейінгі толық қолдау жүйесіне қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

Бұл қадам Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвесторлар үшін қолайлы әрі ашық орта құру бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі ретінде жүзеге асырылуда.