Астана, 2025 жылғы 18 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Италия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Антонелло Де Риуды қабылдады.
Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Италия стратегиялық серіктестігінің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары талқыланды.
Тараптар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қаңтардағы Римге және Италия Премьер-министрі Джорджа Мелонидің 2025 жылғы мамырдағы Астанаға ресми сапарлары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар сұхбаттастар алдағы сапарлар кестесін қарастырып, Қазақстан мен Италия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге және байланыстарды кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады.
Италия – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2024 жылы екіжақты сауда көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 26%-ға өсіп, шамамен 20 млрд АҚШ долларын құрады (экспорт – 18,7 млрд, импорт – 1,3 млрд). 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында тауар айналымы 7,3 млрд долларды (экспорт – 6,8 млрд, импорт – 486 млн) құрады. Италияның Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының көлемі шамамен 7,6 млрд долларды құрайды. Қазақстанда итальяндық капиталдың қатысуымен 250-ден астам компания жұмыс істейді.