Қазақстан Сыртқы істер министрі Бразилия бизнес өкілдерімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

Қазақстан Сыртқы істер министрі Бразилия бизнес өкілдерімен экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 6 шілде – Бразилияға жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Embraer», «Tramontina», «Vale», «Marcopolo» және «Amazul» танымал компанияларды қоса алғанда елдің жетекші өнеркәсіптік бірлестіктері мен ірі корпорацияларының басшылығымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

Бразилия Ұлттық өнеркәсіп конфедерациясының президенті Рикардо Албан мен осы ұйымның вице-президенті, сондай-ақ «Қазақстан-Бразилия» іскерлік кеңесінің тең төрағасы Жилберто Петримен кездесу барысында Қазақстанмен экономикалық байланыстарды дамытуға қосқан үлестері үшін ризашылық білдірілді және өзара іс-қимылды одан әрі нығайту жолдары талқыланды. Министр бразилиялық инвесторларды Қазақстан нарығына тартудың маңыздылығын атап өтіп, ағымдағы жылы елімізде өтетін Іскерлік кеңестің төртінші отырысына қатысуға шақырды.

«Tramontina» компаниясының өңірлік директоры Гинтер Леандро Бринкманн жақын арада Алматыда ресми өкілдік ашу жоспарымен бөлісті. Бұл қадам – Қазақстан нарығына деген жоғары қызығушылықтың дәлелі.

«Embraer» авиақұрылыс корпорациясының президенті Франциско Гомес Нетомен кездесуде компанияның өңірдегі қатысуын кеңейту бағыттары, оның ішінде елімізде әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсететін орталық ашу мүмкіндігі қарастырылды.

«Vale» тау-кен компаниясының атқарушы вице-президенті Сами Араппен сұхбат барысында шикізат саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылау үшін Қазақстанға жұмыс сапары ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар компания өкілдері отандық нарыққа шығуға қызығушылық білдірді.

«Marcopolo» вице-президенті Мауро Гилберто Беллинимен автобус өндірісін локализациялау, оның ішінде Қазақстанда жолаушылар көлігін жинау жобасы аясындағы ықтимал серіктестік жолдары қарастырылды.

«Amazul» мемлекеттік қорғаныс-өнеркәсіптік компания президенті Ньютон де Алмейда Кошта Нетомен кездесуде «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясымен тікелей байланыс орнату мәселесіне баса назар аударылды. Кездесу қорытындысы бойынша бейбіт атом саласындағы өзара іс-қимыл механизмдерін пысықтау бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілді.

Кездесулер барысында сыртқы саяси ведомствоның басшысы шетелдік капитал үшін Қазақстанның құқықтық алаңының тартымдылығын атап өтіп, ел үкіметінің шетелдік компанияларға қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Географиялық орналасудың тиімділігі, халықаралық көлік дәліздеріне қатысуы және ашық сауда саясаты отандық нарық арқылы экспорттық тізбектерді кеңейтуге мүмкіндік беретін негізгі факторлар ретінде аталды.

Сонымен қатар М.Нұртілеу Латын Америкасының кәсіпкерлерін «Қазақстан-Бразилия» іскерлік кеңесінің жұмысына белсенді қатысуға және оның алаңын өзара экономикалық байланыстарды тереңдету мен бірлескен жобаларды іске асыру үшін пайдалануға шақырды.

Сапар аясында Бразилияның жетекші салалық бірлестіктері мен компанияларының қатысуымен «Бразилия-Қазақстан: ынтымақтастық перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында инвестициялық және сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті бағыттары талқыланып, қазақстандық нарықтың мүмкіндіктері таныстырылды, сондай-ақ бірқатар екіжақты меморандумдарға қол қойылды.