Қазақстан мен Молдова СІМ басшылары екіжақты серіктестікті тереңдетуге келісті

Қазақстан мен Молдова СІМ басшылары екіжақты серіктестікті тереңдетуге келісті

Астана, 2025 жылғы 1 шілде – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астана қаласына алғашқы ресми сапармен келген Молдова Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Михай Попшоймен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстан мен Молдова арасындағы кең ауқымды екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары, сондай-ақ ағымдағы жылға жоспарланған бірлескен іс-шаралар күнтізбесі қаралды.

Достық пен өзара тиімді ынтымақтастық қағидаттарына негізделген екіжақты серіктестікті одан әрі тереңдетуге бейілділік расталды. Кишиневтің Қазақстанда Молдова Елшілігін ашу туралы шешімі осы ниеттің нақты дәлелі ретінде болды. Осыған байланысты екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға деген өзара ұмтылысты растайтын осы оқиғаның тарихи маңызы аталып өтті.

ҚР Сыртқы істер министрі мемлекет басшыларының саяси ерік-жігерінің нәтижесінде соңғы жылдары Қазақстан мен Молдова арасындағы ынтымақтастық жаңа серпінге ие болғанын айтты. «Қазақстан мен Молдова арасында дәстүрлі сенім мен өзара құрметке негізделген тығыз қатынастар бар. Бұл бізге барлық бағыттағы өзара іс-қимылды жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді», – деді М.Нұртілеу.

Өз кезегінде М.Попшой «Молдова екі ел азаматтарының игілігі үшін берік, перспективалы екіжақты қатынастарды кеңейтуге үміт артып, ұзақ мерзімді перспективада өзара іс-қимылды нығайтуға ұмтылатынын» атап өтті.

Сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықты кеңейту мәселесіне баса назар аударылды. Осы ретте Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның үйлестіруші рөлі аталып, оның кезекті отырысын жақын арада өткізу ұсынылды.

Сұхбаттастар 2024 жылы екіжақты тауар айналымының 75%-ға артуын қанағаттанушылықпен атап өтті және бұл оң динамиканы одан әрі сақтау мақсатында сауда байланыстарын кеңейту жолдарын айқындады. Молдовадағы қазақстандық «Ромпетрол» мен Қазақстандағы молдовалық «JLC Сүт» компаниялары көпжылдық қызметінің үлгісінде екіжақты инвестициялар саласындағы өзара іс-қимылдың табысты тәжірибесін жалғастыруға мүдделілік білдірілді.

Министрлер ауыл шаруашылығы, көлік, өнеркәсіптік кооперация, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылдың әлеуетті бағыттарын бірлесіп дамытуға уағдаласты.

Кездесу аясында тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша «сағаттарын теңестіріп», халықаралық ұйымдар шеңберіндегі одан арғы өзара іс-қимылға дайын екенін растады. Сонымен қатар қазақ тарапы БҰҰ Бас Ассамблеясының Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік хабын құруға қолдау көрсеткені және осы бастамаға бірлесіп атсалысқаны үшін Молдова тарапына ризашылығын білдірді.

Сол күні министрлер Астана қаласында Молдова Республикасы Елшілігінің ресми ашылу салтанатына қатысты.