Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.Смадияровтың брифингі, Астана, 2025 жылғы 30 маусым

Қазақстан СІМ Ресми өкілі А.Смадияровтың брифингі, Астана, 2025 жылғы 30 маусым

Мазмұны:

  1. Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жұмыстарының аяқталғаны туралы;
  2. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысуы туралы;
  3. Молдова Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары туралы;
  4. Қазақстан Сыртқы істер министрінің БРИКС саммитіне қатысуы туралы;
  5. Қызылорда қаласында Қазақстанның алғашқы Ұлттық урбан форумын өткізу туралы;
  6. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Ауғанстанға жұмыс сапары туралы;
  7. Қазақстан Сыртқы істер министрінің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысуы туралы.

 

  1. Таяу Шығыс елдерінен Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жұмыстарының аяқталғаны туралы

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мемлекеттік органдардың және шетелдік серіктестердің қолдауымен Израиль мен Ираннан Қазақстан азаматтарын эвакуациялаудың кезекті кезеңін аяқтады.

Жалпы, Ираннан 233 Қазақстан азаматы, ал Израильден 103 отандасымыз шығарылды.

Қазақстан СІМ мен елшіліктері өңірдегі жағдайды тәулік бойы бақылап, азаматтарымызға қажетті консулдық қолдау көрсетуді жалғастыруда. Шет елдердегі қазақстандықтардың құқықтарын, қауіпсіздігін және амандығын қамтамасыз ету ҚР сыртқы саяси ведомствосының қызметіндегі айрықша басымдық болып қала береді.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысуы туралы

2025 жылғы 30 маусымда Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің (ҰҚШҰ СІМК) кезекті отырысы өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысты.

Кездесу барысында Ұйымға мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, оның ішінде геосаяси жағдайдың ҰҚШҰ кеңістігіндегі қауіпсіздікке әсері жөнінде пікір алмасты.

М.Нұртілеу Ұйым аясындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары бойынша Қазақстанның ұстанымын баяндап, ҰҚШҰ-ны жан-жақты дамыту және оның институционалдық әлеуетін күшейтуге бағытталған бірқатар нақты ұсыныстарды ортаға салды.

Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар бірлескен мәлімдемелер қабылданды. ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің келесі отырысын 2025 жылдың төртінші тоқсанында, Қырғыз Республикасының Ұйымға төрағалығы аясында Бішкек қаласында өтетін ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы қарсаңында өткізу жоспарлануда.

 

  1. Молдова Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрінің Қазақстанға ресми сапары туралы

2025 жылғы 1-3 шілде аралығында Молдова Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Михай Попшой Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапармен келеді.

1 шілдеде Астана қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен келіссөздер өтеді. Кездесу барысында тараптар саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылайды. Сауда-инвестициялық серіктестікті кеңейтуге, кооперациялық байланыстарды ілгерілетуге және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге ерекше назар аударылады.

Сол күні сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Молдова Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің ресми ашылу рәсіміне қатысады.

Сапар аясында Молдова Сыртқы істер министрін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдайды.

3 шілдеде М.Попшой Алматы қаласына барады. Іссапар бағдарламасында қала әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесу, Молдова диаспорасының өкілдерімен кездесу және қазақстандық нарықта табысты жұмыс істеп жатқан «JLC СҮТ» бірлескен Қазақстан-Молдова кәсіпорнының қызметімен танысу жоспарланған.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің БРИКС саммитіне қатысуы туралы

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылғы 6-7 шілде аралығында Бразилия Федеративтік Республикасының Рио-де-Жанейро қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БРИКС мемлекет басшыларының саммитіне қатысады.

Қазақстанның іс-шараға қатысуы 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап еліміздің БРИКС-тің серіктес мемлекеті мәртебесін алуымен байланысты. Саммитке қатысу – Қазақстанның халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге және қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттермен өзара іс-қимылды нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді.

Саммит бағдарламасына сәйкес, алғашқы күні БРИКС серіктес елдерінің басшылары «Мультилатерализмді нығайту, қаржы жүйесіндегі ынтымақтастық және жасанды интеллект» тақырыптарында баяндамалар жасайды. Екінші күні қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Негіздемелік конвенциясы тараптарының сессиясына (COP30) дайындық, сондай-ақ жаһандық денсаулық сақтау мәселелері талқыланады.

Сапар аясында Бразилияның жетекші компанияларының қатысуымен дөңгелек үстел өткізу және сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою жоспарланған.

 

  1. Қызылорда қаласында Қазақстанның алғашқы Ұлттық урбан форумын өткізу туралы

2025 жылғы 8 шілдеде Қызылорда қаласында БҰҰ Елді мекендер жөніндегі бағдарламасының (UN-Habitat) қолдауымен және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен Қазақстанның алғашқы Ұлттық урбан форумы өткізіледі.

Форум орнықты қалалық дамудың басым бағыттарын талқылау, Қазақстанның жаңа қалалық күн тәртібін іске асыру, сондай-ақ жергілікті деңгейде Орнықты даму мақсаттарын ілгерілетуге арналған маңызды диалог алаңы болады.

Іс-шара бағдарламасына пленарлық отырыс, мамандандырылған сессиялар және қалалық инфрақұрылым объектілеріне танысу сапарлары кіреді.

Форумға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, халықаралық ұйымдардың, іскерлік және сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері қатысуы жоспарлануда.

Форум қорытындысы бойынша Қазақстанның жаңа қалалық күн тәртібін жүзеге асыруды қолдауға бағытталған ұсынымдар әзірленеді. Инклюзивті жоспарлау, климаттық бейімделу, қалалық басқарудың цифрландырылуы, сондай-ақ шағын және орта қалалардың орнықты дамудың драйверлері ретіндегі рөліне ерекше назар аударылады. Сонымен қатар қалалық трансформацияны қаржыландыру саласындағы бірлескен бастамаларды ілгерілету мақсатында мемлекеттік органдар, халықаралық серіктестер және жергілікті қоғамдастықтар арасындағы тұрақты диалогты дамыту көзделуде.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің Ауғанстанға жұмыс сапары туралы

2025 жылғы 10-11 шілдеде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Ауғанстанға жұмыс сапары өтеді.

Сапар барысында Ауғанстан Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Әмір Хан Муттакимен келіссөздер, сондай-ақ елдің қазіргі басшылығының басқа да өкілдерімен кездесулер жоспарланған.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде өзара сауда, көліктік-логистикалық байланыстарды, ауыл шаруашылығын, инвестициялық серіктестікті және білім алмасуды талқылайды.

Ерекше назар өңірлік көлік инфрақұрылымын дамытуға аударылады, атап айтқанда өңірлік экономикалық байланыстарды кеңейту мен транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында Трансафған темір жолы жобасын ілгерілету басты бастама ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар күн тәртібінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медициналық және білім беру қызметтеріне қолжетімділікті арттыру, сондай-ақ Ауғанстан аумағында орнықты дамуды қолдауға бағытталған гуманитарлық бағдарламаларды іске асыру мәселелері де қарастырылады.

 

  1. Қазақстан Сыртқы істер министрінің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысына қатысуы туралы

2025 жылғы 14-15 шілдеде Қытай Халық Республикасының Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді. Отырысқа Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қатысады.

Іс-шара барысында ШЫҰ аясындағы көпқырлы ынтымақтастықты нығайту, мүше мемлекеттердің сыртқы саяси үйлестіруін тереңдету, сондай-ақ қазіргі халықаралық ахуалдағы өзекті сын-қатерлер мен қауіптерге жауап беру мәселелері бойынша пікір алмасу жоспарланған.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тяньцзинь қаласында өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің алдағы отырысына дайындық барысы, сондай-ақ 2024 жылғы шілдеде Астанада өткен ШЫҰ Саммитінде қабылданған уағдаластықтарды жүзеге асыруға ерекше назар аударылады.

Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы мемлекет басшыларының алдағы саммитінің ұйымдастырылу басымдықтарын ұстануды қамтамасыз ету және мазмұнды күн тәртібін әзірлеу тұрғысынан маңызды іс-шара болмақ.