Астана, 2025 жылғы 28 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара қатысушыларына құттықтау сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу БАҚ өкілдеріне өз ісіне адалдығы, тынымсыз еңбегі және еліміздің сыртқы саясатын ақпараттық тұрғыда қолдағаны үшін зор алғысын білдірді.
Министр қазіргі халықаралық жағдай аясында кәсіби әрі объективті журналистиканың рөлі еселеп артқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан жайлы қазіргі заманғы түсініктер – оны қарқынды дамып келе жатқан, беделді және бейбітсүйгіш мемлекет ретінде қабылдау – журналистер қауымдастығының еңбегі арқылы қалыптасуда.
«Сіздер – еліміз жайлы шынайы ақпарат пен бейбіт бастамаларымызды, жаһандық және өңірлік тұрақтылыққа қосқан үлесімізді әлемге жеткізіп жүрген сенімді серіктестерсіздер. Сөздеріңіздің күш-қуаты Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға, ынтымақтастық пен сенім көкжиегін кеңейтуге ықпал етуде», – деп атап өтті сыртқы саясат ведомствосының басшысы.
Сондай-ақ соңғы жылдары елімізде өткен ірі халықаралық іс-шаралар – Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Орталық Азия-Қытай саммиттері, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары, Астана халықаралық форумы және басқа да маңызды оқиғалар туралы ақпараттың кеңінен тарауы дипломаттар мен журналистердің үйлесімді жұмысы арқасында мүмкін болғаны аталып өтті. Министр бұл серіктестікті ел мүддесі жолындағы тиімді ынтымақтастықтың жарқын үлгісі ретінде бағалады.
Кәсіби мереке аясында және Қазақстанның сыртқы саясатын ақпараттық сүйемелдеуге қосқан үлесі үшін бірқатар отандық және шетелдік БАҚ өкілдері Сыртқы істер министрінің атынан алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанатты бөлімнен кейін журналистер мен СІМ басшылығы ашық әрі сенімді көңіл-күй жағдайында баспасөз бен сыртқы саясат ведомствосы арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады.