Астана, 2025 жылғы 27 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов Түркияның жетекші логистикалық компанияларының бірі – «S Sistem Lojistik» басқарма төрағасы Хүсейин Барлинмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан аумағында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, оның ішінде жалпы құны шамамен 100 млн АҚШ долларын құрайтын заманауи логистикалық және қойма терминалдары желісін салу мәселелері талқыланды. Нысандарды орналастыру үшін басым алаңдар ретінде Алматы, Астана, Шымкент, Ақтау және басқа да ірі орталықтар қарастырылуда.
Тараптар сондай-ақ инвестициялық келісімшарт пен арнайы инвестициялық келісім жасасу мүмкіндігін талқылады. Бұл құжаттар мемлекеттік қолдау шараларын, салықтық преференцияларды және инфрақұрылымдық сүйемелдеуді қарастырады.
Ғ.Оспанқұлов жоспарланған жобалардың елдің көлік және логистикалық әлеуетін дамыту үшін маңыздылығын атап өтті: «Бүгінде Қазақстан логистикалық инфрақұрылымын белсенді дамыту кезеңінде тұр. «S Sistem Lojistik» компаниясының ұсынып отырған жобалары ішкі және транзиттік тасымалдарды тиімді ету үшін аса маңызды. Біз логистиканы инвестиция тартудың басым бағыттарының бірі ретінде қарастырамыз, әсіресе экономиканы әртараптандыру және Қазақстанның Еуразиядағы көлік хабы ретіндегі рөлін нығайту тұрғысынан. Өз тарапымыздан біз жобаны жан-жақты қолдауға, жер учаскелерін бөлу, мемлекеттік қолдау шараларына қосылу, сондай-ақ өңірлік әкімдіктермен және салалық органдармен өзара іс-қимылды үйлестіруге дайынбыз. Ынтымақтастық логистика мен өнеркәсіптік кооперация саласындағы Қазақстан мен Түркия арасындағы табысты серіктестіктің үлгісі болады деп сенемін».
Өз кезегінде Х.Барлин Қазақстанға стратегиялық бағыт ретінде үлкен қызығушылық танытты. Оның айтуынша, ел бірегей транзиттік әлеуетке және логистикалық жобаларды дамытуға қолайлы инвестициялық ортаға ие. «S Sistem Lojistik» халықаралық стандарттарға сәйкес жобаларды іске асыруды және ел ішінде де, шет елдерде де жүктерді тиімді тасымалдауды қамтамасыз ететін заманауи инфрақұрылым құруды жоспарлап отыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жұмыс координациясын жалғастыруға және тиісті мемлекеттік институттармен, өңірлік әкімдіктермен өзара әрекеттесуге келісті. Қазақстан тарапы бұл бастаманың сәтті жүзеге асуына мүдделілік танытып, оның логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ел экономикасына қосымша инвестициялар тартуға ықпал ететініне сенім білдірді.