Астана, 2025 жылғы 26 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Үндістанға жасаған сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы ретінде «Kazakh Invest» ҰК» АҚ алаңында Үндістанның жетекші фармацевтикалық компанияларының бірі – «MSN Group» басшылығымен кездесу өтті.
Келіссөздер аясында ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанкулов «MSN Group» атқарушы директоры Манда Нихил Теджа Реддимен ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Бұл кездесу Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісін жергіліктендіру бойынша келісілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болды.
Компания басшылығы Алматы облысында толық циклді фармацевтикалық зауыт салу бойынша бірлескен инвестициялық жоба жоспарын таныстырды. Жоба Қазақстанда тіркелген «MSN Pharmalab» компаниясы мен «КФК Медсервис Плюс» ЖШС-пен бірлесіп жүзеге асырылады. Инвестиция көлемі шамамен 60 млн АҚШ долларын құрайды.
Ғ.Оспанкулов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес мұндай жобалардың отандық өнім үлесін арттыру үшін маңызды екенін атап өтті: «Қазақстан толық өндірістік циклді жергіліктендіруге, технологиялар енгізуге және экспортқа бағдарланған фармацевтикалық кластерлер құруға ниетті стратегиялық инвесторларды тартуға мүдделі. «MSN жобасы» – жоғары экспорттық және әлеуметтік әлеуеті бар жаңа индустриялық негізді бірлесіп құрудың айқын үлгісі».
Тараптар мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы механизмдері аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін, соның ішінде инвестициялар туралы келісім жасасу, локализацияны ынталандыру шаралары және мемлекеттік бағдарламалар аясында ұзақ мерзімді жеткізілім мүмкіндіктерін талқылады.
«КФК Медсервис Плюс» ЖШС басқарма төрағасы Жанат Ұмаров бұл жобаның фармацевтика саласы үшін маңыздылығын атап өтті: «Қазақстандық компанияның қатысуымен фармацевтикалық зауыт құру – Қазақстандағы фармацевтикалық нарықтың дамуына, оның тәуелсіздігіне, озық технологияларды тартуға және қазақстандық кадрлардың біліктілігін арттыруға қосылған үлес».
Кездесу соңында «MSN Group» өкілдері жылы қабылдау мен Қазақстан тарапынан көрсетілген қолдау үшін алғыс білдіріп, жобалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын жеделдетуге және оны іске асырудың практикалық кезеңіне алдағы айларда көшуге дайын екенін растады.
«MSN Group» – Үндістаннан тыс жерлердегі ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан фармацевтикалық компаниялардың бірі. Топ 25 өндірістік алаңды басқарады, 500-ден астам фармацевтикалық субстанцияны (АФИ), 350-ден астам дайын дәрілік препаратты және 900-ден астам патентті қамтитын портфелге ие. Компания өнімдері әлемнің 100-ден астам еліне экспортталады.