Қазақстан СІМ-де Ұлыбритания Елшісімен оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай кездесу өтті

Қазақстан СІМ-де Ұлыбритания Елшісімен оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай кездесу өтті

Астана, 2025 жылғы 25 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кэти Личті оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.

Министрдің орынбасары К.Личке Астанада өткен төрт жылдық қызметі барысында екіжақты ынтымақтастықтың дамыуына қосқан елеулі үлесі мен табысты өзара іс-қимылы үшін алғыс білдіріп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат пен «Барыс» төсбелгісін табыстады.

Осы кезең аралығындағы маңызды жетістіктер ретінде белсенді саяси диалогты қолдау, қазақ-британ Стратегиялық диалогы мен Үкіметаралық комиссияның отырыстарын өткізу, сондай-ақ экономикалық және білім беру байланыстарын кеңейту, оның ішінде Қазақстанда британдық жоғары оқу орындары мен мектептердің филиалдарын ашу аталып өтті.

Шарттық-құқықтық базаны нығайту тұрғысында 2024 жылы екі ел арасында Стратегиялық серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюы маңызды қадам ретінде көрсетілді.

Өз кезегінде Ұлыбритания Елшісі қазақ тарапына жан-жақты қолдауы мен қонақжайлығы үшін алғысын білдіріп, екі мемлекет арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастардың табысты дами беретініне сенім білдірді.

Кездесу соңында Р.Василенко әріптесіне алдағы кәсіби қызметіне табыс тіледі.