Астана, 2025 жылғы 24 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Украинаның Қазақстандағы жаңадан тағайындалған Елшісі Виктор Майкодан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.
Е.Қоныспаев Елшіні тағайындалуымен құттықтап, дипломатиялық қызметіне табыстар тіледі және екі ел арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі нығаюына оның жәрдем көрсететініне сенім білдірді.
Сұхбат барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-украин ынтымақтастығының өзекті жағдайы мен перспективаларын, ағымдағы жылға арналған іс-шаралар кестесін, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібін талқылады.
Қазақ тарапы Украина төңірегіндегі жағдайдың БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен нормаларына сәйкес саяси-дипломатиялық жолмен тезірек реттелуіне мүдделі екенін білдірді.
Украина Елшісі жылы қабылдау үшін ризашылығын білдіріп, достық пен өзара түсіністік қағидаттарына негізделген екі елдің көпжоспарлы ынтымақтастығын дәйекті түрде дамыту үшін бүкіл күш-жігерін салуға дайын екенін атап өтті.