Қазақстан СІМ басшысы Үндістан Елшісін қабылдады

Қазақстан СІМ басшысы Үндістан Елшісін қабылдады

Астана, 2025 жылғы 24 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Үндістан Республикасының Қазақстандағы Елшісі Нагендра Прасадты дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.

ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық серіктестік деңгейін жоғары бағалап, Астананың екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі жан-жақты дамытуға ұмтылысын атап өтті.

Министр өзінің жақында Нью-Делиге жасаған сапары мен «Орталық Азия – Үндістан» диалогының министрлік кездесуіне қатысу қорытындыларының маңыздылығына назар аударды, оның шеңберінде ынтымақтастықты тереңдетуді және бірлескен бастамаларды жүзеге асыруды жалғастыру ниеті расталды.

Өз кезегінде Елші өзінің қызмет ету кезеңінде көрсеткен қолдауы үшін шын жүректен ризашылығын білдіріп, Үндістанның өзара құрмет пен сенім негізінде Қазақстанмен сындарлы диалогты кеңейтуге дайын екеніне сендірді.

Кездесу соңында М.Нұртілеу ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Елшіге екі ел халықтары арасындағы достық байланыстарды нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін алғыс хат табыс етті.