Ұлан-Батыр, 2025 жылғы 20 маусым – Қазақстанның Моңғолиядағы Елшісі Алмас Сейтакынов Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхке сенім грамоталарын табыс етті.
Салтанатты рәсімнен кейін өткен кездесуде Президент У. Хүрэлсүх ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы лебізін білдіріп, 2024 жылы Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапарына жоғары баға берді. Бұл сапар екіжақты қатынастарға тың серпін беріп, стратегиялық серіктестік деңгейіне көтергенін атап өтті.
Өз кезегінде А. Сейтакынов көрсетілген жылы қабылдау үшін алғысын білдіріп, Қазақстанның Моңғолиямен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілігін растады. Сондай-ақ Қазақстан мен Моңғолия арасында достық қатынастар қалыптасқанын атап өтті. Ол түрлі деңгейдегі өзара сапарлармен алмасу, парламенттік байланыстар мен Үкіметаралық комиссия отырыстарын өткізу екіжақты ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі екенін баса айтты.
Кездесу барысында тараптар сауда, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы сынды басым бағыттармен қатар, өзара қызығушылық тудыратын басқа да салалардағы серіктестікті кеңейту мәселелерін талқылады.
Сұхбат соңында Президент У. Хүрэлсүх ҚР Елшісін өзінің дипломатиялық миссиясының ресми басталуымен құттықтап, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайту жолындағы қызметіне табыс тіледі.