Астана, 2025 жылғы 16 маусым – Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров пен ҚХР Мемлекеттік даму және реформалар комитеті төрағасының орынбасары Чжоу Хайбин арасында екіжақты кездесу өтті.
Тараптар сауда-экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылады. Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып қала беретіні аталып өтті – 2024 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 43,8 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстан мен ҚХР бұл көрсеткішті алдағы жылдары екі есеге арттырып, 100 млрд долларға жеткізуді мақсат етіп отыр. Осыған байланысты тараптар тауар номенклатурасын әртараптандыру, шикізаттық емес экспортты ілгерілету және шекарадағы тосқауылдарды азайту шараларын талқылады.
Сондай-ақ инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселесі қозғалды. Бүгінгі таңда Қазақстан-Қытай серіктестігі аясында жалпы сомасы шамамен 66,5 млрд долларды құрайтын 224-тен астам жоба іске асырылып, 50 мыңнан астам жұмыс орны құрылуда. Бұл жобалар энергетика, ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі, логистика және жаңа технологиялар салаларын қамтиды. Тараптар жоғары қосылған құны бар жаңа бірлескен өндірістерді іске қосу жұмысын жандандыруға уағдаласты.
Ә.Қуантыров Қытаймен өнеркәсіп және логистика салаларындағы ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатының басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Ол Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКД, Орта дәліз) табысты дамуы және «Бір белдеу, бір жол» қытайлық бастамамен түйісуі кооперацияны тереңдету мен өзара инвестицияны арттыру үшін зор мүмкіндіктер ашатынын айтты.
«Бүгінгі таңда Қытай мен Еуропа арасындағы құрлықтық жүк тасымалының 80%-дан астамы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Біз Қытайды тек географиялық жақын көрші ғана емес, сонымен бірге ортақ экономикалық мүдделері бар стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Орта дәлізді дамыту және оны «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен түйістіру транзиттік әлеуетті арттырып қана қоймай, өңірлік экономиканың тұрақтылығын күшейтетін өндірістік альянстарды қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Ә.Қуантыров.
Өз кезегінде Чжоу Хайбин Қазақстанның Еуразия логистикалық құрылымында орталық рөл атқаратынын атап өтті. «Біз Қазақстанды «Бір белдеу, бір жол» бастамасының аясындағы негізгі серіктес ретінде қарастырамыз. Екі ел арасындағы ынтымақтастық өзара сенім мен прагматизмге негізделген. Қазақстан қытайлық тауарлардың тұрақты транзитін қамтамасыз етіп қана қоймай, бірлескен өндірістік және логистикалық тізбектерді құрудағы маңызды буынға айналуда. Біз инфрақұрылым, энергетика және жасыл экономика салаларындағы ынтымақтастықты нығайта отырып, өңірдің орнықты дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға ниеттіміз», – деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар кооперацияны тереңдетуге, жобалар портфелін кеңейтуге және стратегиялық маңызды салалардағы өзара іс-қимылдың жаңа түрлерін дамытуға дайын екенін білдірді.