Астана, 2025 жылғы 13 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев еліміздегі дипломатиялық миссиясы аяқталуына орай Грузияның Елшісі Николоз Лалиашвилиді қабылдады.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Грузия арасындағы саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың даму жағдайы мен перспективаларын талқылады.
Осы орайда Қазақстан мен Грузия арасындағы екіжақты қатынастарды тереңдету мен кеңейтуге қосқан елеулі үлесі, сондай-ақ халықаралық алаңдарда екі ел арасындағы әріптестікті дамыту бағытында атқарған еңбегі үшін Грузия дипломатына ризашылық білдірілді.
Өз кезегінде Грузия Елшісі Қазақстанда дипломатиялық қызметін атқарған кезеңде көрсетілген тұрақты қолдау үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Кездесу аяғында Грузия Елшісіне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртiлеудің атынан Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етілді.