Астана, 2025 жылғы 12 маусым – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде «Адам өлшемі жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органның кезекті отырысы өтті. Іс-шараға ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары комиссия төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ алаң қонақтары – БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері бас қосты.
Аталған отырыс 2025 жылғы 24-25 маусым аралығында Қазақстан Республикасының Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактiні орындау бойынша мерзімдік баяндаманы қорғау шеңберінде өткізілді (БҰҰ Комитетінің 144-ші сессиясы). Қатысушылар ой-пікір, ар-ождан және дін бостандығы құқығы, цензура, бейбіт жиналыстар өткізу және бірлестіктерге бірігу құқығы, сөз бостандығы, әйелдер құқықтары, кәмелетке толмаған қыз балалар мен жасөспірімдердің құқықтары және т.б. мәселелерді талқылады.
Отырыста ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова мен ҚР Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова төрағалық етті.
Қазақстан соңғы бес жылда адам құқықтары саласында ауқымды саяси реформаларды іске асырғаны мәлім. Қазіргі таңда кешенді реформалар өз жалғасын табуда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы талқыланды. Жобаның ҚР Парламентіндегі ең ауқымды заң жобасы екенін ескере отырып, оның негізгі бағыттары азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейту, қылмыстық процесте адвокаттардың рөлін арттыру, қылмыстық іс жүргізуді оңтайландыру, сталкинг (қорқыту және заңсыз қудалау) үшін жауапкершілік енгізу, заңсыз түрде банк картасын немесе шотты беру үшін қылмыстық жаза және мәжбүрлі неке үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыруды қамтиды.
ҚР Әділет вице-министрі Б.Жақселекова өз сөзінде Қазақстанның қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша ашық диалогқа әрдайым дайын екенін және үкіметтік емес ұйымдар пікірлерінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның алдыңғы мерзімдік баяндаманы қорғауы 2016 жылғы маусым айында өткеніне және де ү.ж. маусым айындағы алдағы баяндаманы қорғауы сегіз жылдық кезең мен кең ауқымды мәселелерді қамтитынына назар аударды.
Жалпы, күн тәртібіндегі мәселелер ашық және сындарлы форматта талқыланды. Мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ өкілдері адам құқықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша пікір алмасуға мүмкіндік алды.
«Адам өлшемі жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші орган 2013 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен құрылған. Бұл алаң үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты дамытуға арналған тиімді құрал ретінде өз қызметін атқаруда. Мұнда адам құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер халықаралық ұйымдар байқаушыларының қатысуымен талқыланады.