Вашингтон, 2025 жылғы 12 маусым – Америка Құрама Штаттарына ресми сапары шеңберінде Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу АҚШ Сенатының Халықаралық қатынастар жөніндегі комитетінің төрағасы Джеймс Ришпен кездесу өткізді.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен келешегін талқылап, экономикалық байланыстарды нығайтуға және АҚШ Әкімшілігінің басым бағыттарына сәйкес саяси диалогты дамытуға ерекше назар аударды.
ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық маңызын атап өтіп, парламентаралық байланыстарды жандандыру қажеттілігін айқындады.
Сенатор Дж.Риш Қазақстанның салмақты әрі сындарлы сыртқы саяси бағытын жоғары бағалап, АҚШ Конгресінің іскерлік байланыстарды кеңейтуге қолайлы заңнамалық негіз қалыптастырудағы, оның ішінде Қазақстанмен тұрақты қалыпты сауда қатынастарын орнату арқылы қолдау көрсетуінің маңыздылығын атап өтті.
Сұхбаттастар елдер арасындағы ынтымақтастықтың артып келе жатқан серпінін оң бағалап, сауда-экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге бағытталған бастамаларға қолдау көрсетуді жалғастыруға келісті.
Кездесу соңында ҚР СІМ басшысы АҚШ сенаторын Қазақстанға ресми сапармен келіп, екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын нақты талқылауға шақырды.
Сонымен қатар М.Нұртілеу ҚР-АҚШ кокусының тең төрағасы, конгрессмен Роберт Адерхольтпен және АҚШ Өкілдер палатасының Кіріс және салық комитетінің Сауда жөніндегі кіші комитетінің мүшесі Кэрол Миллермен кездесті. Келіссөздер барысында америкалық заң шығарушылар Джексон-Вэник түзетуінің Қазақстанға қатысты күшін жоюға жәрдемдесуге ниетті екеніне сендірді.