Қазақстан Сыртқы істер министрі АҚШ-қа ресми сапармен келді

Қазақстан Сыртқы істер министрі АҚШ-қа ресми сапармен келді

Вашингтон, 2025 жылғы 12 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу бастаған қазақ делегациясы ресми сапармен Вашингтон қаласына келді.

Сапар аясында ҚР Сыртқы істер министрі мен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың мазмұнды кездесуі өтті. Тараптар саяси және экономикалық өзара іс-қимыл, энергетика, сауда, логистика сияқты екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелерін жан-жақты талқылап, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке қатысты пікір алмасты.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара құрмет пен прагматикалық диалог қағидаттарына негізделген Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға ұмтылысын растады. Әңгіме барысында сауда және инвестицияны кеңейту, америкалық озық технологияларды тарту және іскерлік байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Қазақстан АҚШ-пен өзара тиімді серіктестікті ілгерілету үшін нақты нәтижелерге қол жеткізуге ниетті», – деді М.Нұртілеу. Сонымен қатар Министр Қазақстанның энергия ресурстары мен аса маңызды минералдардың жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі стратегиялық рөлін атап өтті.

Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы бұл кездесу екіжақты қарым-қатынастарды ілгерілету мен өзара байланыстарды нығайтуға жаңа серпін беретініне сенім білдірді. «АҚШ Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайту арқылы өзара қызығушылық тудыратын экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге үміт артады», – деді М.Рубио.

Тараптар Орталық Азия өңірі мен АҚШ арасындағы диалогты қолдаудың тиімді құралы болып табылатын «С5+1» платформасы аясындағы өзара іс-қимылға ерекше мән берді.

Сондай-ақ халықаралық және өңірлік қауіпсіздік саласындағы күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығы аталып өтіп, заңсыз көші-қонмен күрес саласындағы ынтымақтастық жоғары бағаланды. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді.

ҚР Сыртқы істер министрі Қазақстанның Орта держава ретінде халықаралық тұрақтылықты қамтамасыз етуге конструктивті үлес қосуға дайын екенін растады.

Кездесу соңында тараптар екіжақты өзара іс-қимылды қолданыстағы алаңдар шеңберінде және жаңа тетіктерді іске қосу арқылы нығайтуға уағдаласты.