Астана, 2025 жылғы 10 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астана қаласына Қазақстан мен Иран арасындағы Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның тең төрағасы ретінде келген Иран Ислам Республикасының Ауыл шаруашылығы джихады министрі Голамреза Нури Гезельджемен кездесу өткізді.
Тараптар Қазақстан мен Иран арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен келешегін, оның ішінде сауда-экономикалық, инвестициялық, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Қазақстан СІМ басшысы бұл кездесуді жақында Тегеранға жасаған сапары аясында басталған мазмұнды диалогтың жалғасы ретінде бағалап, екіжақты серіктестіктің зор әлеуетін атап өтті және Қазақстанның Иранмен экономикалық және инфрақұрылымдық байланыстарды кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Иран министрі ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты кооперацияның басым бағыттары туралы қазақ тарапын хабардар етіп, Иранға қазақстандық астықты жеткізуді арттыруға қызығушылық білдірді.
Екі ел арасындағы тауар айналымын ұлғайту, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдері саудасы саласындағы бірлескен логистикалық жобаларды іске асыру мәселелеріне, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.