Астана, 2025 жылғы 10 маусым – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Іс басындағы төрайымы – Финляндия Республикасының Сыртқы істер министрі Элина Валтоненмен оның Астанаға ресми сапары аясында кездесу өткізді.
Кездесу барысында екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың өзекті бағыттары, сондай-ақ Қазақстан мен Финляндия арасындағы өзара іс-қимылды барлық салалар бойынша кеңейту жөніндегі бірлескен қадамдар талқыланды.
Биік және жоғары деңгейлердегі байланыстардың қарқынды дамуын атап өткен ҚР СІМ басшысы Финляндияның Солтүстік Еуропадағы және Еуропалық одақ аясындағы Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі екенін айтып, Астана мен Хельсинки арасындағы диалогты одан әрі тереңдетуге дайындығын растады.
Сұхбаттастар Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның өзара тиімді іскерлік байланыстарды дамытуға қосып отырған үлесін оң бағалады. Экономикалық серіктестіктің әлеуетін ашу мақсатында тараптар көлік және логистика, су ресурстарын және орман шаруашылығын басқару, инновациялар, энергетика және «жасыл» технологиялар сияқты салалардағы ынтымақтастықтың перспективаларын қарастырды.
М.Нұртілеу фин бизнесін Қазақстандағы индустриялық-инновациялық жобаларға белсенді қатысуға шақырды.
Министрлер барлық деңгейдегі өзара сапарлар алмасу мемлекетаралық байланыстарға қуатты серпін беріп, екі ел арасындағы серіктестікті сапалы жаңа деңгейге шығаруға ықпал етеді деген ортақ пікір білдірді.
Келіссөздер барысында ЕҚЫҰ кеңістігіндегі және Ұйым ішіндегі қазіргі ахуал, сондай-ақ қатысушы мемлекеттер арасындағы сенімді нығайту және сындарлы диалогты қайта қалпына келтіру жолдары бойынша пікір алмасу өтті.
Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Ұйымның негізін қалаушы құжат – Хельсинки Қорытынды актісінің қабылданғанына 50 жыл толуына орай Финляндияның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуінің символдық мәні бар екенін атап өтті.
Сондай-ақ бұл жыл екі есе мерейтойлы екені аталып өтті, себебі 15 жыл бұрын, 2010 жылы Қазақстан елордасында өткен және Ұйым үшін тарихи маңызы бар Саммиттің қорытындысы бойынша ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің мемлекет және үкімет басшылары Астаналық декларацияны қабылдаған болатын. Аталған құжатта Хельсинки актісінің негізгі қағидаттары бекітілген.
М.Нұртілеу өңірдегі күрделі геосаяси жағдайға қарамастан, ЕҚЫҰ-ның Ұйым кеңістігіндегі дағдарыстарды шешуге арналған маңызды келіссөз алаңы болып қала беретінін атап өтіп, Қазақстанның ЕҚЫҰ аясындағы өз міндеттемелерін орындауға бейілді екенін нақты айтты.
Өз кезегінде, Э.Валтонен Финляндияның төрағалық кезеңіндегі басымдықтарымен таныстырып, олардың басты мақсаты – қатысушы мемлекеттер мен Ұйымның жалпы орнықтылығын, дағдарыстарға жауап беру және одан кейін қалпына келу қабілетін арттыру екенін атап өтті.
Іс басындағы төрайым Финляндияның төрағалығын қолдағаны және ЕҚЫҰ аясындағы Қазақстанның белсенді рөлі үшін алғысын білдірді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Орталық Азия ЕҚЫҰ үшін маңызды өңір, ал ЕҚЫҰ-ның далалық миссиялары өңір елдерінде реформаларды жүзеге асыруға және қауіпсіздіктің үш өлшемі бойынша – әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетуді жалғастыруда.
Трансұлттық сын-қатерлерге және климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі ынтымақтастық, шекара қауіпсіздігін және көлік байланыстылығын нығайту, сондай-ақ құқық үстемдігін және азаматтық қоғамды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Келіссөздердің қорытындысы бойынша министрлер екіжақты форматта да, өңірлік алаңдар шеңберінде де тұрақты диалогты жалғастыруға уағдаласты.